Берденов көлікті айналып қашады.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Берденов ісі бойынша оқиға болған сәттің видеосы көрсетілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сот залындағы экраннан қылмыс орнында түсірілген бейнежазба көрсетілді. Онда тәркіленген айғақтар, соның ішінде күдіктінің автокөлігіндегі заттар бейнеленген. Дәлелдер қатарында: ұялы телефон, «Сайга» қаруының қаптамасы, кобура және оптикалық көздеуіш бар.
Оқиғаның қалай болғаны қала әкімдігі ғимаратындағы бейнекамералардан алынғаны айтылды.
21 сәуір күні кешкі сағат тоғыз шамасында қала әкімдігі ғимаратының Көрме орталығы бетіндегі есігінің жанына қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің қызмет көлігінің тоқтағаны, іле-шала Руслан Берденовтің әкімдік ғимаратынан шығып ұялы телефонын қарап көлікке қарай бара жатқанын байқалады. Осы сәтте көлік жанынан айыпталушы Ернар Жиембай жүгіріп шығып, Берденовке қарай оқ атады. Берденов көлікті айналып қашады. Жиембай оның артынан қуып бірнеше рет оқ атады. Жиембай бас-аяғы 5 рет оқ атқан.
Сондай-ақ сотта әкімдік бейнебақылау камераларына жазылған Жиембайды ұстау сәті көрсетілді. Кадрларда күдіктінің жаяу жүргіншілер өткелі маңында ұсталғаны көрінеді. Ол қарусыз болған, жерге жатқызылған. Ұстау операциясына полиция қызметкерлері және Руслан Берденовтің әріптестері қатысқан.