Полицияның хабарлауынша, жол апаты салдарынан екі бала оқиға орнында көз жұмған, тағы біреуі ауруханаға барар жолда қайтыс болған
Абай облысының Үржар ауданында орын алған апаттан мерт болған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қажетті барлық қолдау көрсетіледі, деп хабарлады Qaz365.kz.
Бұл туралы Абай облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес, қаза болғандардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қажетті барлық қолдау, сондай-ақ психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі. Қазір оқиға орнында облыс әкімінің орынбасарының үйлестіруімен арнайы топ жұмыс істеп жатыр. Жағдай облыс басшылығының ерекше бақылауында, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Үржар ауданында болған қайғылы жағдайдан кейін көмекке С-295 әскери-көлік авиациясының ұшағы аттанды. Оның бортында реаниматолог, нейрохирург және травматологтан құралған медициналық бригада бар.
Оқиға Бестерек ауылында тіркелді
Алдын ала деректерге сәйкес, 55 жастағы Toyota көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында, жолдан 10 метр қашықтықта тұрған кәмелетке толмаған балаларды қағып кеткен.
Полицияның хабарлауынша, жол апаты салдарынан екі бала оқиға орнында көз жұмған, тағы біреуі ауруханаға барар жолда қайтыс болған. Үш жасөспірім түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді.
Жүргізуші ұсталып, изоляторға қамауға алынды. Сараптама оның апат кезінде мас болмағанын көрсетті.