Бойжеткен мен оның туыстары тергеудің созылып кеткеніне шағымданды
Қарағанды облысының тұрғыны өзін 23 жастағы мектеп мұғалімі алып қашып, күштеп тұрмысқа шығуға мәжбүрлемек болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz сайты 31-арнаға сілтеме жасап.
Жәбірленушінің айтуынша, ол жігітпен былтыр желтоқсанында танысқан. Олар шамамен екі аптадай кездесіп жүрген, алайда бойжеткен қарым-қатынасты тоқтатуды ұйғарған. Бірақ жігіт бұл шешіммен келіспеген.
«Ол достарымен жұмысымның жанынан аңдып жүріп, көлікке күштеп отырғызып, ауылға алып кетті. Мен үлгеріп, геолокациямды ата-анамa жібердім. Ол жақта қолында ақ орамал ұстаған анасы күтіп тұр екен. Жақындарым жетіп келіп, жанжалсыз болмады, бірақ мені алып шықты», — дейді бойжеткен.
Кейін, жәбірленушінің сөзіне сенсек, жігіт қорқытып, қысым көрсете бастаған.
«Ол “бәрібір сенің біздің үйде болғаныңды бәрі біледі. Қалай да келісесің, қайда барасың?“ дейтін. Мен қалада жалғызбын, анам мен әпкем басқа ауданда тұрады. Ол әлі де бостандықта жүргендіктен қорқамын», — деп мойындады ол.
Бойжеткен полицияға арыз жазған. Алайда анасының айтуынша, істің қозғалғанына он айдан асса да, алға жылжымай тұр.
«Бізде дәлелдер бар, куәгер бар, бейнежазба бар. Неге іс сотқа жетпейді? Біз оның жауапкершіліктен құтылып кетуінен қорқамыз. Ол істі жауып тастау үшін ақша ұсынды. Біз келіскен жоқпыз», — дейді анасы.
Қазыбек би ауданы прокуратурасында істің тергеліп жатқанын растады. Олар прокурор қыздың отбасымен кездесіп, қылмыстық істің тергелу барысын түсіндіргенін хабарлады. Қазіргі уақытта іс «адам ұрлау» бабы бойынша тергелуде.
Еске салсақ, жақында Қазақстанда қыз алып қашу және некеге мәжбүрлеу үшін жазаны қатаңдатқан болатын.
2024 жылғы мамырда Мәжіліс Қылмыстық кодекске түзетулер енгізіп, 125-1-бап – «Неке қиюға мәжбүрлеу» қабылданды.
Ал шілдеде Президент заңға қол қойды. Сондай-ақ, құжатқа «сталкинг» ұғымы енгізіліп, қудалау мен отбасылық қатынастарға күштеп тартқаны үшін жауапкершілік күшейтілді.
Қазір қыздың отбасы істің тез арада сотқа жетіп, кінәлі жазалануы қажет екенін айтып отыр. Оқиға қоғамда кеңінен талқыланып, әлеуметтік желі қолданушылары мұндай жағдайларда заңды ең қатал түрде қолдануды талап етуде.