Түркістан облысында + Азиз Құралбаевтың өліміне қатысты іс қоғам назарын аударды. 29 жастағы жігітті өзінен 10 жас кіші 6 бала ұрып кеткен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мақтааралдағы сұмдық оқиға бір жыл бұрын болған. Ағасының айтуынша, інісі жұмыстан келіп серуендеуге шыққан.
Жас жігіт жабылып ұрғаннан кейін үш ай жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатып, ақыры 2023 жылдың 3 ақпанында көз жұмды. Оның туыстары қылмыстық істің тергеуі мен сот процесі әділ жүрмей жатыр деп санайды.
Қайғылы жағдай Мақтаарал ауданында бір жыл бұрын болған. Туыстарының айтуынша, жұмыстан кейін серуендеуге шыққан Азизді көрші ауылдың алты жігіті күтіп тұрған. Олар алдымен ауыл ішінде жабылып ұрып, кейін елсіз жерге апарып, тепкілеген.
Ең сорақысы – оның аузына күштеп алкоголь құйып, денесін шылыммен күйдірген. Осыдан кейін ауыр жарақат алған Азиз жансақтау бөліміне түсті. Дәрігерлердің бірнеше айлық күресіне қарамастан, оның жүрегі тоқтады.
Ағасы болған жайтты былай сипаттады:
«Жамбасының бір тұсында үлкен гематома болды. Төрт жерінен темекімен күйдіргенін де көрдім. Киімі жыртылған, спирттің иісі шығып тұрды. Үстіне сыра ма, вино ма құйып жіберген секілді», – дейді ол.
Құралбаевтар отбасының айтуынша, күдіктілердің алтауынан тек екеуі ғана «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша жауапқа тартылған. Екеуіне жеңілірек айып тағылған, ал тағы екеуі мүлдем бостандықта жүр.
«Алтау бір адамға жабылған – бұл сұмдық. Қалайша олардың екеуі ғана куәгер болып шығады? Жанында тұрып, көріп қана қойған адам да – серіктес. Бұл әділдік емес», – дейді марқұмның ағасы.
Азиздің туыстары қылмысты әдейі жасырып, істі созып жатқанын айтады. Тіпті марқұмның тәтесі Тоғжан Қошанбаева істің суицид ретінде көрсетіліп отырғанына күмән келтіріп отыр:
«Ол өзі асылып қалуы мүмкін емес. Алдымен өлтіріп, кейін ізін жасыру үшін іліп қойған сияқты», – дейді ол.
Азиздің тамызда 29 жасқа толуы тиіс еді. Ол үйленуге дайындалып жүрген. Бірақ жеке қарым-қатынасына байланысты қызғаныш пен кек қайтару қасіретті жағдайға әкелді дейді туыстары.
Құралбаевтар отбасы жеті айдан бері тергеу органдары мен сот табалдырығын тоздыруда. Олар істің әділ қаралуын және барлық кінәлілердің толық жауапқа тартылуын талап етуде.
«Әрбір ата-ана үшін баласының тағдыры қымбат. Біз әділдіктің орнауын қалаймыз. Кінәлілер заңға сәйкес жазасын алсын», – дейді қайғы жұтқан отбасы.