×

Қызылордада жүкті әйелдерді "декретке миллионмен" шығарған екі адам сотталды

Барлығы 54 әйелге заңсыз құжат рәсімделген

Қызылордада жүкті әйелдерді "декретке миллионмен" шығарған екі адам сотталды
pexels.com

Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүктілік пен бала күтіміне байланысты заңсыз әлеуметтік төлемдер алып берумен айналысқан тұлғалардың қылмыстық әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Qaz365.kz өңірлік департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қызылорда қаласының тұрғындары Жанерке Әбдімәлікова және Жұлдызай Бакирова жүктілікке және босануға, сондай-ақ бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты табысынан уақытша айырылған әйелдерге арналған әлеуметтік төлемдерді еселеп алу үшін заңсыз схема ұйымдастырған.

– Олар жүкті әйелдерді белгілі бір жеке кәсіпкердің жалдамалы қызметкері ретінде көрсетіп, олардың атына міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар аударған. Кейін жүктілікке және босануға байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдеп берген. Нәтижесінде Ж.Әбдімәлікова 34 әйелге, Ж.Бакирова 20 әйелге заңсыз құжат рәсімдеген. Тергеу барысында аталған азаматшалардың шын мәнінде жеке кәсіпкерлердің қарамағында жұмыс істемегені анықталды. Кәсіпкерлердің өздері жалдамалы қызметкерлер тізімінде бұл азаматшалар барын білмеген. Сонымен бірге кәсіпкерлер электрондық цифрлық қолтаңбаларын (ЭЦҚ) тек салықтық есептілікті тапсыру үшін бергенін мәлімдеген, – делінген хабарламада. 

Сот үкімімен Ж.Әбдімәлікова 3 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал Ж.Бакирова 2 жыл 4 ай мерзімге шартты түрде сотталды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →