Салдарынан бүлдіршіннің мойны сынған, өкпесі мен бауыры зақымданған.
Павлодар облысының Тереңкөл ауданында үш жасар қыздың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы оқиға 21 қыркүйекте орын алған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алдын ала деректер бойынша, ер адам қатты мас күйде болып, туған қызын аяғынан ұстап, еденге екі рет ұрған. Салдарынан бүлдіршіннің мойны сынған, өкпесі мен бауыры зақымданған. Жәбірленушінің отбасы жедел жәрдем шақырмай, өздері аудандық ауруханаға жеткізген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 20 қыркүйекке қараған түні үш жасар қыз бала ауруханаға аса ауыр жағдайда түскен. Дәрігерлер оған:
бас сүйегінің артқы бөлігі сынғанын,
қасы тұсынан жарақат алғанын,
денесінде көптеген көгерген іздер мен жұмсақ тіндердің жарақатын анықтаған.
Барлық жасалған реанимациялық шараларға қарамастан, қыз есін жимастан көз жұмды.
Полиция департаменті қылмыстық істі ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша тергеп жатыр. Күдікті ретінде марқұмның әкесі ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды.
Құзырлы органдар қылмыстың нақты мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатынын мәлімдеді.
Бұл жағдай әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды. Қолданушылар күдіктіге ең қатаң жаза тағайындауды талап етуде. Заңға сәйкес, кәмелет жасқа толмағанды қасақана өлтіру үшін жалғыз жаза түрі — өмір бойына бас бостандығынан айыру.