Тереңдігі – 10 шақырым, магнитудасы – 5,9, энергетикалық класы – 13,3
6 қазан күні сағат 01:29-да төтенше жағдайлар министрлігінің сейсмикалық станциялар желісі Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларында жер сілкінісін тіркеді, хабарлайды Qaz365.kz.
Сейсмологтардың мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Қырғызстан аумағында, Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 465 шақырым жерде орналасқан. Тереңдігі – 10 шақырым, магнитудасы – 5,9, энергетикалық класы – 13,3.
Жер дүмпуі Қазақстанның бірқатар өңірлерінде сезілген. Атап айтқанда, Жамбыл облысының Жуалы, Байзақ, Жамбыл аудандарында, Тараз қаласында және Бауыржан Момышұлы ауылында, сондай-ақ Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Тұрар Рысқұлов ауылында – 4 баллға дейін. Шымкентте, Қаратау, Ленгер, Манкент, Сарыкемер, Аса, Қазығұрт, Темірлан, Шаян, Құлан және Мерке елді мекендерінде – 3 балл. Ал Жаңатас, Шу, Түркістан, Кентау, Арыс, Сарыағаш, Жетісай және Шардара қалаларында – 2 балл шамасында болған.
Жамбыл облысы әкімдігі жер дүмпуіне қатысты ресми мәлімдеме таратты.
Соңғы мәліметтерге сәйкес зардап шеккендер және бүлінген әлеуметтік нысандар туралы деректер тіркелмеді. Жағдай облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бақылауында. ТЖД командалық орталығының базасында жедел штаб құрылып, жұмыс істеуде, – делінген хабарламада.