Ведомство өкілдері марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмағанын тағы да мәлімдеді
2025 жылғы 5 қазанда Алматы облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметінің қатардағы сарбазы, 18 жастағы Нұрасыл Ануарұлы қызмет барысында қайтыс болды. Оның өліміне қатысты алдын ала ресми нұсқада «менингококцемия» диагнозы көрсетілгенімен, отбасы бұл қорытындыға сенбей отыр. Алматы облысы шекара қызметі департаменті бастығының орынбасары Серік Төлеуханов Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында ұрып-соғу белгілері табылмағанын мәлімдеді.
«5 қазанда таңғы 5:10 да біздің сарбаздың қайтыс болғаны туралы жедел жәрдем хабарлады. Бұл жөнінде тексеру тағайындалды шекара қызметі басшылығының тарапынан. Тергеулер жүргізіліп жатыр. Тергеуге байланысты басқа ақпарат бере алмаймын. Бүгін сарапатама өткізілді. Сараптама қорытындысы бойынша ешқандай сарбаздың денесінде ешқандай жарақаттар анықталған жоқ. ұру фактілері расталған жоқ. Қойылған диагнозы ағзаның жалпы улануы, жоғары дем алу жолдарының инфекциясы», - дейді Серік Төлеуханов.
Оның сөзінше, алдын ала қорытынды бойынша сарбаздың өлімі менингококцемия ауруының асқынуымен байланысты болуы мүмкін. «Қазіргі таңда толық сот-медициналық сараптама жүргізілуде, нәтижелері бойынша қосымша мәлімет беріледі. Барлық деректер тексеріліп жатыр», – деді департамент бастығының орынбасары.
ҰҚК Шекара қызметінің ресми хабарламасында да оқиғаның расталғаны және қаза тапқан сарбаздың туыстары мен жақындарына көңіл айтылғаны атап өтілген. Ведомство өкілдері марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмағанын тағы да мәлімдеді.
Айта кетейік, Нұрасыл Ануарұлы әскерге 2025 жылғы 27 қыркүйекте шақырылған. Ол Алматы облысы Қарасай ауданы аумағындағы шекара бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. Қызметке кіріскеніне бір апта өтпей, қаза болғаны туралы хабар 5 қазан күні таңертең отбасысына жеткізілген.
Қазіргі уақытта өлім себебін нақтылау мақсатында сот-медициналық сараптама мен қызметтік тексеріс жалғасып жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша қосымша ақпарат ресми түрде хабарланатын болады.