Атырауда Яна Легкодимованың өліміне қатысты іс бойынша жаңа жантүршігерлік деректер жария болды. «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Смайылова әлеуметтік желідегі жазбасында айыпталушылардың өзара хат алмасуынан алынған үзінділерді жария етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тергеу кезінде жойылған хабарламалар қалпына келтіріліп, екі айыпталушы - Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимовтың өзара Янаға не істеу керектігін талқылағаны анықталған. Хабарламалардың бірінде Катимов: «Қылғындыр, мойнын сындыр» деп жазады. Басқа хаттарда олар Янаны көлікке күштеп отырғызып, есікті ұстап тұру, кейін мәйіттен құтылу жолдарын жоспарлаған.
Қылмыс жасалғаннан кейін екеуі сыра мен виски ішуге барған. Олардың хаттарында өкініштің де, қорқыныштың да ізі байқалмайды.
Сотта белгілі болғандай, Хайржанов Янаны қызғаныштан өлтіріп, досына 500 мың теңге уәде еткен. Олар ВКонтакте арқылы жоспар құрып, қылғындыруды ең «ыңғайлы әдіс» деп шешкен.
Кейін денені Талдыкөл маңындағы Жайық өзеніне тастаған, ал өздері қалаға оралып, ішімдік ішкен.
2025 жылдың 20 маусымында Жайық жағасында табылған сүйектердің Янаға тиесілі екені сараптама арқылы дәлелденді.
Яна Легкодимова 2001 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол Атырау мұнай және газ университетін үздік бітіріп, инженер-әзірлеуші болып жұмыс істеген.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың 18 қазанында болған. Сол түні үйінен шыққан Яна қайта оралмаған.
Қазір сот процесі Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр.
Айыпталушыларға алдын ала сөз байласу арқылы топтасып адам өлтіру және ұрлық баптары бойынша айып тағылған.
«НеМолчи» қоры қылмыскерлерге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын талап етті.