Түнгі уақытта Шымкент қаласы мен Түркістан облысының бірнеше ауданында жер сілкінісі сезілді. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ведомствоның мәліметінше, жер сілкінісі 3 қараша түнгі сағат 01:29-да (Астана уақытымен) тіркелген. Зілзаланың магнитудасы 6,3 болып, оның эпицентрі Ауғанстандағы Мазари-Шариф қаласының маңында болған.
Қазақстан аумағында сілкініс Шымкент, сондай-ақ Мырзакент, Жетісай және Шардара елді мекендерінде сезілді. Толқын күші шамамен 2 балл болған.
ҚР ТЖМ таратқан ақпаратқа сәйкес, Қазақстан аумағында қирау немесе зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.
Ал шетелдік ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Ауғанстанда жер сілкінісі салдарынан кемінде 7 адам қаза тапқан.