×

Келіншектің шыңғырғанын көрсеңіз: көршілер Алғабастағы жайтты көз жасымен еске алды

Көрші әйелдің айтуынша, бәрі әп-сәтте болған

Келіншектің шыңғырғанын көрсеңіз: көршілер Алғабастағы жайтты көз жасымен еске алды
Фото: Qaz365.kz

Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында болған қайғылы оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірді. Таңертең жеке тұрғын үйді шарпыған өрттен 12 адам қаза тапты, оның ішінде 9 бала бар. Көршілер сол түннің қорқынышты сәттерін айтқанда, еріксіз көздеріне жас алды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі. 

Көрші әйелдің айтуынша, бәрі әп-сәтте болған.

« Таңғы 05-тен 5 минут кеткенде шықтым. Келіншек айқайлап жатыр екен: «Жәрдем беріңіз!» деп. Қарасам, үй қып-қызыл болып жанып жатыр. Көршілерді ояттым. От қатты болды, әйел терезені ашып айқайлап көмек сұрады. Бірақ газға уланған сияқты, бері қарай шыға алмады. Өлді ғой өзі де, баласы да… Бір отбасы толығымен кетті…», – дейді көрші.

Оның айтуынша, ер азаматтар бір баланы ғана сыртқа шығаруға үлгерген. Басқаларын құтқаруға мүмкіндік болмаған.

«Менің балам, қасымыздағы көрші, ар жақтағы көрші бардық. Бір баланы тартып алдық. Қалғанын ала алмадық. Әйел айқайлап жақсы тұрған еді, бірақ уланбаса шығып кетер еді…», – дейді ол.

Тағы бір көрші Қанымай Жүнісова сол сәтті еске алып жүрегі қан жылайды.

«Күйген үшеуі кетті… Егіздер де… Шақалақ та… Бәрі жан тәсілім етті… Бұл кісілер өте жақсы жандар еді. Келіншектің шыңғырғанын көрсеңіз… Адамның жаны шығуы қиын… Сөйтіп, өмірден кете барды…», – деп әрең сөйледі ол.

Қаза болғандар – бір әулеттің мүшелері. Көршілердің айтуынша, ол түні үйде сундет тойдан кейін екі отбасы қонып жатқан.

Қайғылы жағдай 18 қараша күні таңертең болды. Жеке үйден шыққан өрт он екі адамның өмірін қиып, үш адам – екеуі ересек, біреуі бала – жансақтау бөлімінде жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болғандардың жақындарына көңіл айтып, Үкімет пен облыс әкімдігіне барлық қажетті көмекті көрсетуді, өрттің себептерін анықтау бойынша толық тергеу жүргізуді тапсырды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →