×

Алматы облысында алаяқтар бір жарым жыл бұрын қайтыс болған баланың еміне ақша жинаған

Анасының айтуынша, жалған парақшаның иесі анықталған, бірақ әлі ешкім ұсталмаған

Алматы облысында алаяқтар бір жарым жыл бұрын қайтыс болған баланың еміне ақша жинаған
Евгений Разумный и Максим Стулов / Ведомости

Алматы облысында бір жарым жыл бұрын көз жұмған баланың атынан ашылған жалған ақша жинау науқаны қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның отбасы алаяқтар баланың есімін пайдаланып, адамдардың сезімін ақша табуға айналдырды деп мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі «31 арнаға» сілтеме жасап.

Екі жыл бұрын бала ауыр науқасқа шалдыққан кезде отбасы емге ақша жинай бастаған. Сол кезде қазақстандықтар 70 мың доллардан астам қаражат аударған. 2024 жылы ақша жинау жабылып, отбасы қалыпты өмірге оралмақ болған. Алайда жуырда интернетте қайтадан сол баланың еміне ақша жиналып жатқаны жайлы видеолар тараған.

«Менің қайтыс болған баламның атынан ақша жинап жатыр. Бір күн бұрын түсіме кіріп, мұңайып, ренжігенін көрдім. Келесі күні сол видеоны байқадым. Яғни, баламның жаны тыныш таппай жүр. Біреулер қайтадан ақша жинап, менің баламның рухын мазалап отыр. Неге олар менің ұлымды азаптайды?» — деді баланың анасы Онласын Асылбаева.

Отбасы бұл туралы полицияға шағынған. Анасының айтуынша, жалған парақшаның иесі анықталған, бірақ әлі ешкім ұсталмаған.

«Қазір барлық мән-жайды толық әрі объективті анықтау үшін процессуалдық тексеру жүргізіліп жатыр. Нәтижесіне қарай заң аясында шешім қабылданады», — деді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ернар Сайдильдин.

Онласын Асылбаева ұлының өліміне дәрігерлердің қате диагнозы себеп болды деп есептейді. Оның айтуынша, операция дұрыс қойылмаған диагноз негізінде жасалған, бұл баланың жағдайын ауырлатқан. Кейін шетелге апарғанда мамандар отбасының тым кеш жүгінгенін айтқан.

Қазір отбасы баласының есімін пайдаланып, адамдарды алдап жүргендердің жазасыз қалмауынан қорқады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →