Orda.kz порталының бас редакторы Гүлнар Бажкенова сот шешімімен екі ай мерзімге үйқамаққа алынды. Бұл туралы дүйсенбі күні кешке редакцияның адвокаты Мұрат Адам әлеуметтік желіде мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Күннің алғашқы жартысында полиция Бажкенованың үйі мен Orda.kz редакциясында тінту жүргізіп, бірнеше қызметкерді тергеуге жеткізген.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, журналистке қатысты Қылмыстық кодекстің "қасақана және бірнеше рет жалған ақпарат тарату" бабы бойынша іс қозғалған. Тергеу нұсқасы бойынша, 2024 жылы жарияланған материалдардың бірінде құқық қорғау қызметкері пара алған деген жалған мәлімет тараған. Тексеру барысында мұндай оқиға болмағаны анықталған.
Бұл оқиғаға байланысты «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры мәлімдеме таратып, журналистердің құқықтарын қорғауға шақырды.
«Біз тергеу барысының ашық болуын, барлық процессуалдық құқықтардың сақталуын және журналистердің кәсіби қызметіне қысым жасауға жол берілмеуін талап етеміз», – делінген ұйым хабарламасында.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың шілдесінде Гүлнәр Бажкенова Orda.kz басылымына қатысты рейдерлік әрекеттер жүріп жатқанын мәлімдеген. Оның айтуынша, мұндай әрекеттерге билікке жақын адамдардың қатысы болуы мүмкін. Сол кезде журналист басылымды қорғау үшін Қазақстан мен АҚШ соттарына жүгінгенін айтқан еді.