Орал қаласындағы №17 орта мектепте оқушылар арасындағы жанжал төбелеске ұласты. Оқиға 28 қараша күні таңертең мектептің жертөле қабатындағы дәлізде болған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, 11 «Б» сынып оқушысы Ерхан Жұмағалиев пен 8 «А» сыныбының оқушысы Роман Азовсков арасында келіспеушілік туып, соңы соққыға жығуға ұласқан.
«Кезекші педагогтар мен мектеп әкімшілігі дереу араласқан. Қақтығыс тоқтатылып, Роман Азовсковқа алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Ауыр жарақат белгілері тіркелген жоқ», — деп хабарлады мектеп әкімшілігі.
Оқиғадан кейін мектепте кеңейтілген профилактикалық жиналыс өткізілген. Онда оқушылардың өздері, ата-аналары, сынып жетекшілері, мектеп психологы және полиция инспекторы қатысқан.
«Оқушылар арасындағы түсінбеушіліктің себебі анықталды. Оларға әлеуметтік желілердегі қарым-қатынас мәдениеті, мектеп тәртібін сақтау және жасөспірімдердің жеке жауапкершілігі туралы түсіндірме берілді», — делінген мектеп хабарламасында.
Қазіргі таңда бұл ақпарат полиция инспекторына жолданған, оқушылар ішкі бақылауға алынды. Әрқайсысына педагог-тәлімгер бекітіліп, мектепте бақылау күшейтілді.
Сонымен қатар дәліздерде педагогтардың кезекшілігі арттырылды. 7–11 сыныптар арасында агрессияға жол бермеу жөнінде полиция инспекторы мен психолог түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мектеп әкімшілігінің айтуынша, жағдай тұрақты, оқу орнында қауіпсіз орта қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатыр.