ForteBank мемлекеттік тілге қатысты тағы бір даудың ортасына түсті. Threads желісінде тараған жазбада азаматтар банкті кәнсілдеуге шақырып, клиентпен қазақ тілінде сөйлесуден бас тартқан қызметкердің әрекетін сынға алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Желі қолданушысы Батырлан Кәмелдің айтуынша, ол банкке жұмысқа орналасу жөнінде жазған кезде әңгімені қазақ тілінде бастаған. Алайда ForteBank операторы қазақ тілін білмейтінін айтқан.
«Қазақ тілін білмеймін, орыс тіліне көше аламыз ба?» — деп жауап берген қызметкер.
Батырлан «Қазақша сөйлескен ыңғайлы, бірақ орысша да білем» дегенімен, банк өкілі:
«У нас важно знание русского языка на продвинутом уровне», — деп шарт қойған.
Әңгіме осы тұстан бастап тіл мәселесіне ұласып, жұмысқа қабылдау жайы екінші кезекке сырғыған.
«Мен орыс тілін еркін білемін, бірақ күнделікті өмірде қазақша сөйлесуге тырысамын. Бұл — менің жеке ұстанымым», – деген азаматтың сөзіне қарамастан, банк өкілі диалогты тоқтатқан.
Клиенттің: «Сонда ForteBank қызметкерлері мемлекеттік тілді білмей ме?» деген сұрағына оператор:
«Мен адамдармен әдеп пен шекараны сақтай отырып сөйлесемін», — деп жауап қайтарған.
Threads қолданушылары бұл жағдайды қазақ тіліне деген құрметсіздік деп бағалап, банк басшылығын мемлекеттік тіл талабын елемей отыр деп сынға алды.
«Қазақстандағы ірі банк қызметкерлері мемлекеттік тілді білмесе, халыққа қалай қызмет көрсетеді? Колл-орталықта екі тілді де меңгерген мамандар жұмыс істеуі керек қой!» — деп жазды желі қолданушылары.
ForteBank әзірге оқиғаға қатысты ресми түсініктеме бермеді.
Алайда Батырлан Кәмелдің айтуынша, пост жарияланғаннан кейін банк өкілдері өзімен хабарласып, қызметкердің жұмыстан босатылғанын жеткізген.