Ресей жалға алып отырған Байқоңыр ғарыш айлағынан 15 желтоқсанға жоспарланған "Протон-М" зымыран-тасығышының ұшырылымы техникалық ақауға байланысты кейінге шегерілді. Бұл туралы «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мәліметке сай, ұшыру алдындағы тексеріс кезінде зымыранның жылдамдықты үдеткіш блогында сәйкессіздік анықталған.
«Жоспарлы тексеріс барысында үдеткіш блок жүйесінде ақау табылды. Ұшырылым кемшілікті жою мақсатында уақытша тоқтатылды. Бұл өзгеріс ғылыми бағдарламаның орындалуына әсер етпейді, барлық міндет өз уақытында атқарылады», – деп мәлімдеді «Роскосмос».
Корпорация басшысының орынбасары Иван Данилов зымыранға қатысты ақаулар түзетілгеннен кейін дайындық жұмыстары қалыпты тәртіппен жалғасатынын айтты.
Соңғы жылдары Ресейдің ғарыш саласы қаржыландырудың азаюы, жемқорлық жанжалдары мен жиілеген апаттар салдарынан қиындықтарға ұшыраған. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай елдің ғарыш бағдарламасының беделіне кері әсер етті.