Австралия үкіметі ұлттық аза тұту күнін жариялады. Бұл шешім Сидней қаласындағы әйгілі Бонди-Бич жағажайында болған қанды оқиғадан кейін қабылданды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Полиция мәліметінше, жексенбі кешінде 50 жастағы ер адам мен оның 24 жастағы ұлы жағажайда Ханукка мейрамын атап өтіп жатқан халыққа оқ жаудырған. 16 адам қаза тауып, 40-қа жуық адам түрлі жарақат алған.
Оқиға жергілікті уақытпен сағат 18:47-де болған. Сол сәтте жағажай мен көршілес паркке жүздеген адам жиналып, мыңнан астам тұрғын мен турист мейрамға қатысып жатқан. Куәгерлердің айтуынша, атыс шамамен 10 минутқа созылған.
Полиция қылмыскерлердің бірін (әке) оқиға орнында атып өлтірген, ал оның ұлы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Жараланғандардың арасында екі полицей бар, олардың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты.
Жәбірленушілердің жасы 10 бен 87 жас аралығында екені хабарланды.
BBC растаған видеоларда екі қарулы адамның көпшілікке қарай көп минут бойы оқ атқаны көрінеді. Басқа кадрда бір ер адам шабуылшылардың біріне қарсы шабуыл жасап, қаруын тартып алуға тырысқаны байқалады. Ол өзі жараланса да, қарулы азаматты тоқтатып үлгерген.
Полиция шабуыл жасаушылардың көлігінде жарылғыш құрылғылар болуы мүмкін деп мәлімдеді. Оқиға террорлық акт және Сиднейдің еврей қауымдастығына бағытталған антисемиттік шабуыл ретінде қарастырылып жатыр.
Ел билігі еврейлерге қатысты барлық қоғамдық шаралар мен нысандарда қауіпсіздік шараларын күшейтті.
Австралия премьер-министрі мен штат басшылығы құрбандардың туыстары мен зардап шеккендерге көңіл айтты.
Билік өкілдері бұл оқиғаны Сиднейдің соңғы жылдардағы ең ауыр шабуылы деп атады. Тергеу федералды қауіпсіздік қызметінің қатысуымен жалғасуда.