×

Ақтау маңында AZAL ұшағына келтірілген зақым оқ-дәрі фрагменттерінен болуы мүмкін

Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 жолаушы жарақат алған

Ақтау маңында AZAL ұшағына келтірілген зақым оқ-дәрі фрагменттерінен болуы мүмкін
Reuters

Қазақстанның Көлік министрлігі Ақтау маңында өткен жылдың желтоқсанында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines әуе кемесіне қатысты тергеудің аралық есебін жариялады. Құжатты көлік оқиғалары мен төтенше жағдайларды тергеу департаменті дайындаған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Есепте ұшақ корпусының зақымдануы оқ-дәрілердің зақымдаушы элементтерінің сыртқы әсерінен болуы мүмкін екені айтылған. Алайда қазіргі кезеңде олардың нақты қандай оқ-дәріге тиесілі екенін анықтау мүмкін болмаған.

Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мәліметінше, бортта жарылғыш заттардың іздері табылмаған. Сондай-ақ сараптамаға алынған үш оттегі баллонында да жарылыс белгілері анықталмаған. Соған қарамастан, комиссия ұшақ қаңқасындағы зақым сипаты сыртқы қатты фрагменттердің соққысын жоққа шығармайтынын атап өткен.

Министрлік бұл қорытындылардың алдын ала екенін және тергеу жалғасып жатқанын нақтылады. Әуе апатының себептерін анықтау жөніндегі комиссия 2024 жылғы 26 желтоқсанда министрдің бұйрығымен құрылған.

Комиссия материалдарында ұшақтың гидравликалық жүйесі қатты заттардың соққысынан металл жыртылып, істен шыққаны көрсетілген. Сонымен қатар орталық техникалық қызмет көрсету компьютерінен деректерді оқу мүмкін болмағаны, оған жоғары температура әсер еткен болуы ықтимал екені айтылған.

Тергеу барысында мамандар борттық өздігінен жазатын құрылғыларды, ұшу параметрлерін зерттеп, апат орнында фото және бейнетүсірілім жүргізген. Комиссия жұмысына Әзербайжан, Ресей және Бразилия өкілдері, сондай-ақ Халықаралық азаматтық авиация ұйымы бақылаушы ретінде қатысып отыр.

Құжатта түпкілікті есеп Көлік министрлігінің ресми сайтында жарияланатыны көрсетілгенімен, нақты мерзімі әлі белгіленбеген.

Еске салайық, әуе апаты 2024 жылғы 25 желтоқсанда болған. Azerbaijan Airlines компаниясына тиесілі Embraer ұшағы Баку – Грозный бағыты бойынша J2-8243 рейсін орындау кезінде Ақтау маңында құлаған. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 жолаушы жарақат алған. Қайтыс болғандардың арасында алты Қазақстан азаматы, 25 Әзербайжан азаматы және жеті Ресей азаматы болған.

Апаттан кейін түрлі нұсқалар айтылған. Соның ішінде ұшақ Ресей аумағында атқылауға ұшырауы мүмкін деген болжам да көтерілген, алайда ол кезде қазақстандық ресми органдар бұл мәлімдемелерді негізсіз деп атаған.

Кейін Әзербайжан президенті Ильхам Алиев оқиға үшін жауапкершілікті Ресей тарапына жүктеп, кінәні мойындауды, жауаптыларды жазалауды және өтемақы төлеуді талап еткен. Ресей президенті Владимир Путин кешірім сұрағанымен, жауапкершілік ұзақ уақыт ресми түрде мойындалмаған. Тек биылғы 9 қазанда Душанбеде өткен кездесуде апат Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі қолданған зымыран салдарынан болғаны расталған.

Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін де, 4 ақпанда, осы әуе апатына қатысты алдын ала қорытындыларды жариялап, ұшақ қаптамасындағы тесіктер сыртқы бөгде нысандардың әсерін көрсететінін хабарлаған еді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →