Бұған дейін осы топқа тиесілі тағы бір адамның қаза тапқаны анықталды
Алматы қаласының Медеу ауданында жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Теңіз деңгейінен шамамен 3700 метр биіктікте орналасқан «Локомотив» шыңы маңынан құтқарушылар екі адамның мәйіттері табылды. Бұған дейін осы топқа тиесілі тағы бір адамның қаза тапқаны анықталған болатын. Оқиға салдарынан үш адам қаза болды.
Хабар түскен сәттен бастап «Мыңжылқы» бөгеті ауданында жедел штаб құрылды. Іздестіру жұмыстарына Алматы қаласы ТЖД бөлімшелері, ҚР ТЖМ РЖҚЖ, құтқару қызметі, полиция, Альпинизм федерациясы және еріктілер жұмылдырылды. Іздестіру-құтқару операциясына ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы тартылды
Жалпы іздестіру-құтқару жұмыстарына шамамен 80 адам, 12 техника бірлігі, 4 кинологиялық есептоп және 4 ұшқышсыз ұшу аппараты қатысты. Жұмыстар биік таулы күрделі жағдайларда жүргізілді және төмен температура, сирек ауа, көшкін қаупі мен күрделі жер бедері авиацияны қолдануды шектеп, іздеу топтарының қозғалысын баяулатты.
Құтқарушылар ұшқышсыз ұшу аппараттарын, металл іздегіштерді, іздеу зондтарын және шанц құралдарын қолданды. Қолайсыз ауа райына байланысты қаза болғандардың денелері жаяу тәртіппен «Медео» құтқару бекетіне дейін жеткізілді. Марқұмдардың денелері полиция қызметкерлеріне тапсырылып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Туыстарына психологиялық көмек көрсетілуде.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі таулы аймақтарға шыққан кезде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Маршрутқа шығар алдында ауа райы мен көшкін жағдайын ескеріп, тауға жалғыз шықпау, жақындарыңызды маршрут пен қайту уақыты туралы алдын ала хабардар ету, өзіңізбен бірге байланыс құралдары мен қажетті жабдықтарды алып жүру қажет.
Егер адам белгіленген уақытта оралмаса немесе байланысқа шықпай қалса, 112 нөмірі бойынша құтқару қызметіне дереу хабарласу қажет.