Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылының тұрғыны Хасенова Жанар Мұратовна Президентке, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, прокуратура органдарына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне ресми түрде жүгінді. Онда ол әкімді сайлауға қатысты сөз қозғаған. Осы бейнежазбадан кейін әкім сақшылармен бірге тұрғынның үйіне келген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Хасенованың айтуынша, оның қолында Қараөткел ауылының әкімі Абзалбеков Бауыржан Сүндетбайұлымен болған кездесудің аудиожазбасы бар. Бұл жазбада әкім «өзінің тағайындалуы кезінде дауыс беру ресми түрде өткенін, сондай-ақ бұл процеске Целиноград ауданының әкімдігі мен аумақтық сайлау комиссиясы қолдау көрсеткенін» айтқан.
Сондай-ақ аудиожазбада әкімнің «ауылға уақытша келгенін, бұл қызметті одан әрі мансап бойынша өсу үшін пайдаланып отырғанын» жеткізгені айтылады. Хасенованың мәлімдеуінше, сол аудиожазбада «ауданның нұсқауымен жергілікті қауымдастық таратылып, оның орнына Қараөткел ауылының депутаты Динара Абдрахманова мен оның жақындарының мүддесіне сай жаңа қауымдастық құрылғаны» туралы сөз қозғалады.
Хасенова негізгі тұстарын алып, ұзақтығы шамамен үш минут болатын аудиожазба үзіндісін бұған дейін уәкілетті органдарға жолдағанын атап өтеді. Алайда оның айтуынша, «осы уақытқа дейін жазбаның түпнұсқасы ресми түрде талап етілмеген, өзімен хабарласып, дәлелдер мен түсініктеме беру үшін шақырмаған».
Оның сөзінше, келтірілген деректер тексерілмеген, нәтижесінде «ауыл әкіміне қатаң сөгіс жариялаумен ғана шектелген».
Хасенова мұндай шешімді негізсіз әрі жағдайға сай емес деп санайды. Себебі, оның пікірінше, әңгіме «жалған дауыс беру, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану және жергілікті қауымдастықтың жұмысына заңсыз араласу» туралы болып отыр. Осыған байланысты ол істі республикалық деңгейде бақылауға алып, материалдарды Целиноград ауданына жібермей, тәуелсіз әрі жан-жақты тексеру жүргізуді сұраған.
Осы бейнежазба әлеуметтік желіде таралып кеткен соң әкіп тұрғынның үйіне келді.
Хасенованың айтуынша, 26 желтоқсан күні кешкі сағат 19:39 шамасында Қараөткел ауылының әкімі Абзалбеков Бауржан Сүндетбайұлы полиция қызметкерлерімен бірге, ешқандай алдын ала ескертусіз оның үйіне келген.
«Маған ешкім алдын ала хабарласқан жоқ, қоңырау да шалынбады. Келудің себебі түсіндірілмеді», – дейді Хасенова.
Ол өзінің ауыр науқас, мүгедектігі бар адам екенін атап өтіп, мұндай кешкі уақытта кіріп келгендерін қысым ретінде қабылдағанын айтты.