Компания жолаушыларға әуежайға шықпас бұрын рейс мәртебесін ресми сайттан тексеруге кеңес береді
4 қаңтар күні Air Astana әуе компаниясы бірқатар рейстің кешіктірілгенін хабарлады. Авиатасымалдаушының мәліметінше, ұшулар кестесіне енгізілген өзгерістер қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты болған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Компанияның түсіндіруінше, қазіргі таңда Алматыдан және өзге қалалардан ұшатын рейстерде кідірістер сақталып отыр. Бұған Астанадағы ауа райының күрт нашарлауы әсер еткен. Атап айтқанда, тұман мен көрінудің 150 метрден төмендеуі әуе қозғалысының қалыпты орындалуына кедергі келтірген.
Бұл жағдай ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілген уақытша шектеулерге алып келген.
Air Astana бұған дейін 3–4 қаңтар күндері Алматыдан ұшатын түнгі рейстердің кешіктірілгенін хабарлаған болатын. Аталған рейстер Airbus A320neo әуе кемелерімен орындалуға тиіс еді. Алайда күрделі метеожағдайға байланысты ұшулар уақытша шектелді.
Авиатасымалдаушы ұшу кестесін мүмкіндігінше тез қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараны қолға алғанын мәлімдеді. Соның ішінде FlyArystan резервтік әуе кемесі тартылған.
Компания жолаушыларға әуежайға шықпас бұрын рейс мәртебесін ресми сайттан тексеруге кеңес береді.