Сеул – Астана бағытында ұшып бара жатқан Air Astana әуе компаниясының ұшағы техникалық ақауға байланысты Бейжің қаласына мәжбүрлі түрде қонды. Бұл туралы авиакомпанияның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оқиға 8 қаңтар күні KC210 рейсінде тіркелген. Ұшақ бортындағы барлық дәретхананың істен шығуына байланысты экипаж қосымша қону туралы шешім қабылдаған.
Компанияның мәліметінше, әуе кемесі жергілікті уақытпен сағат 9:25-те Сеул қаласынан ұшып шығып, 11:50-де Бейжің әуежайына сәтті қонған. Қазіргі уақытта ақауды жою үшін қосалқы бөлшек күтіліп отыр. Рейстің ұшуы жергілікті уақытпен түнгі 1:00-ге ауыстырылған.
Қытайдың шекара қызметіне визасыз режиммен жүретін жолаушыларды қалаға шығарып, қонақүйлерге орналастыруға рұқсат беру жөнінде ресми өтініш жолданған. Ал визасы бар жолаушылар транзит аймағында қалады. Оларға тамақ, сусын және көрпе ұсынылған.
Авиакомпания жолаушылардан келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұрады.
Айта кетейік, осыған ұқсас жағдай 2025 жылғы 27 желтоқсанда да болған. Ол кезде Фукуока – Алматы бағытымен ұшқан Air Astana ұшағы борттағы дәретханалардың істен шығуына байланысты әуежайға қайта қонуға мәжбүр болған еді.