Шымкент қаласында 21 жастағы қызды 28 жастағы жігіт аяусыз пышақтап өлтірді. Полиция күдіктіні ұстап, қылмыстық іс қозғады.
Qaz365.kz оқиға орнына барып, куәгерлерден жағдайды сұрастырып, істің мән-жайын анықтады.
Куәгерлердің сөзіне қарасақ, екеуі қыз бен жігіт болып жүріп жүрген. 2-3 күн бойы жанжалдасып, сол ұрыстың соңы осындай қайғылы жағдайға ұласқан.
«Қыз шамамен 21 жаста, ұл 1997 жылғы екен. Қыз 2004. Екеуі қыз бен жігіт болып жүрген сияқты. Оқиға кеше кешке 6-дан 40 минут кеткенде болған. Қыз үйінен шыққан. Екеуі сөйлесіп, ренжіскен. Қыз бен бала мына жақтан жүгіріп келді. Содан қызды ұрып, пышақ тыққан. Беті де, қолы, арқасы, ішек жақтарының бәрінен неғып кеткен (ред. соққы алған», — деді куәгер Динара Тілеубердиева.
Екінші куәгердің айтуынша, сол сәтте жұмыстан келе жатқан келіншек оқиғаны көріп, айғайлаған:
«Әй, не істеп жатырсың? 102-ні шақырамын!» деп айқайлаған кезде ана бала қорқып қашты. Артынан бір минут болмай қайта жүгіріп барды да, қайтадан 3-4 мәрте пышақ тыққан. Қыз сол оқиға орнында көз жұмды. Ана бала былай қарай қашып кетті. Ана баланы көрген куәгерлер 102-ні шақырып, сосын барып полиция қызметкерлері іздеді. Сағат 10 мен 11 шамасында ана баланы тапты. Өзінің көлігіне мініп қашып кеткен екен. Бәріміз бала-шағамыз болған соң қатты уайымдадық, қорықтық. «Не болды? Көшедегі танымайтын біреу ме?» деп сұрағанымызда «жүріп жүрген жігіті» деді. Оның алдында 2-3 күн бұрын көршілер сол қыздың даусын естіген екен. Ұрсып, айқайласып жатқан екен. Не себеп болғанын білмейміз. 2-3 күн қатарынан сондай жанжал болған екен. Ақыры осылай біткен екен», — дейді Ақмаржан Орынбай.
Марқұмның көршілерінің бірі ауладағы жарық көмескі екенін айтты. Дүкенге күн ерте бататын болған соң басқа жақпен айналып барады екен. Мына оқиғадан бәрі үрейленіп қалған.
«Мен кеше қалада жүргенмін. Сол сәтте ортақ чатымызға жазды. Басында «не болып жатыр? деп түсінбедім. Сосын анамдарға жіберіп, «не болып жатқанын сыртқа шығып қараңыздаршы» дедім. Сүйтсем мына жақта полицей қызметкерлері толып жүр. Өткізбейді, басқа жақтан айналып келдік. Расымен қорқып кеттік. Полицей қызметкерлері тергеу жүргізіп бізден жауап алды. Біз ол қызды танымайды екенбіз. Бірақ көргенде шошып қалдық. Бар-жоғы 2-3 минуттың арасында қайтыс болып кетті ғой. Ата-анасына, отбасына сабыр берсін деп тілейміз. Ешкімнің басына салмасын. Оңай емес. Бұл жақта жарық жоқ. Біз арғы жақпен дүкенге барамыз. Қазір қыстың ортасы, күн ерте батады. Мына жақтағы 9-қабатты үйлерге жарық төбеден түседі. Ал біз жақта жарық дұрыс бермейтін мына шамдар ғана. Олар жарық дұрыс бермейді. Біз өз көзімізбен көрмедік. Бірақ видеосын анамыз жіберді. Қатты шошып, қорқып қалдық», — деді Орынбай.
Қазіргі уақытта полиция оқиғаның барлық мән-жайын тергеп жатыр.
Еске сала кетейік, 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы қыз пышақ жарақатынан қаза тапқан болатын. Қалалық полиция департаменті бұл деректі растаған. Аталған факті бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің жеке басы анықталғаны хабарланды.