×

Назарбаевтың жиенінің рухани бастамасына психоделикалық заттар мен Құранның қатысы қандай?

Рухани бастаманың негізінде жатқан діни элементтер және күмәнді серіктес

Назарбаевтың жиенінің рухани бастамасына психоделикалық заттар мен Құранның қатысы қандай?
Фото: Sparkofsouls.com

Жақында Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің ұлы — Нұрәлі Әлиев Spark of light жобасын іске қосты. Ол енді рухани тәлімгер болмақ. Forbes тізімі бойынша Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің қатарында тұрған Нұрәлі Әлиев қаңтардың басында Дубайда беделді қонақтар мен туыстарын жинап, ашық аспан астында туған күнін атап өтті. Сол мерекелік кеште рухани жобасын бастағаны жайлы мәлімдеді.

Фото: Instagram / Нұрәлі Әлиев

Qaz365.kz белгілі дінтанушы Әл-Фараби Болатжанға хабарласып, өзін рухани тәлімгер атаған Нұрәлі Әлиевтің жобасы жайлы сұрастырды. 

Бұл жобаға санаға әсер ететін заттың қатысы қандай?

Соңғы жылдары қоғамдық институттарға деген сенім әлсіреп, әлеуметтік жағдай нашарлап, адамдардың ішкі күйзелісі артқан тұста жаңа рухани жолдарға қызығушылық күшейді. Олардың қатарында жеке тұлғаны «өзгертуге» бағытталған эзотерикалық бағдарламалар бар. Сондай бір елді елең еткізген жобалардың бірі — Қазақстанның тұңғыш президентінің жиені Нұрали Әлиевтің Spark of Light рухани бастамасы.

Qaz365.kz тілшілері Sparkofsouls.com сайтына кіріп, ондағы жазбаларды шолып шықты. Ондағы мәтіндер жайлы сәл кейінірек айтармыз. Әуелі бұл жобаға серіктес болып отырған Mantra жайлы айтпасқа болмайды.

Фото: Sparkofsouls.com / қақ ортасындағы Mantra белгісіне назар аударыңыз.

Бұл жайлы дінтанушы Әл-Фараби Болатжан былай дейді:

«Spark of light — жалпылама діни бағыт деп айтуға болады. Толықтай дін емес, діни элементтер бар. Индуизм элементтері (мантра, медитация және т. б.) негізге алынған синкреттік пара-діни ағым десе болады. Яғни әртүрлі діни элементтерді алғаны көрінеді. Бұл өте қауіпті деп ойлаймын, себебі сайтында «сананы кеңейту» деген сөз тұр, ал серіктестерінің қатарында «Mantra (MANTRA DOSE)» деген дүкен тұр. Бұл дүкен «сананы кеңейтетін» саңырауқұлақтарды, яғни психоделикалық заттарды сатады. Бұл өте қауіпті нәрсе. Біздің елде бұл есірткілерге тайым салынған болуы керек. Егер олар сондай нәрсені насихаттаса, бұл біздің заңға қайшы келуі мүмкін әрі бұл бағыттың деструктивті діни ағым сипаттары бар болса керек», — деді дінтанушы.

Ал енді Mantra dose ресми сайтына кіріп көрсек, ұсынылған өнімдер — шоколад, капсула және шайнап жеуге арналған кәмпиттер, оларда «саңырауқұлақтар мен басқа өсімдіктерден алынған сығындылар бар» деп көрсетілген, және бұл өнімдер адамның тыныштығын сақтауға, ойдың айқын болуына, «өзін-өзі емдеуге және рухани өзгерістерге көмектеседі» деп сипатталған.

Фото: https://mantradose.com/ 

Өнімдер бірнеше топқа бөлінген: микродозалар, макродозалар, желе тәрізді тәттілер (gummies) және әртүрлі әсері бар шоколадтар. Мысалы, тыныштандыру, махаббат сезімін ояту, шығармашылықты арттыру және тағы басқалары.

Фото: https://mantradose.com/ 

Дінтанушы осыған ұқсас қауіпті ұйымдар жайлы естігенін айтты. Ол жерде Құдаймен байланысу үшін психоделикалық затты қабылдауы керек екенін айтады.

«Осыған ұқсас басқа ұйымдар жайлы естідім. Сондай басқа ұйымдарда жалған рухани нәрселер айтады. Олардың «саңырауқұлақты ретрит» деген демалыстары бар. Сол жерде билеп, трансқа кіреді, «жаратушымен, көкпен байланысу үшін» психоделикалық затты қабылдауы керек екенін айтады. Сайтындағы «Foundation» деген бөлімде «Zhanartu» деген қазақстандық қор тұр, сонда қазақстандық ұйым психоделикалық саңырауқұлақтарды қабылдауды қолдап тұр ма? Зерттеп, тексеру қажет сияқты. Сұрақ көп. Бұл сананы тек идеологиялық тұрғыдан улау ғана емес, химиялық улау да болуы әбден мүмкін. Өкілетті органдар жан-жақты зерттесе. Негізінде, «алтын жастардың» арасында оккультизмге қызығып, есірткімен «ойнайтыны» кең етек жайылғаны құпия емес деп ойлаймын», — деді Әл-Фараби Болатжан.

Ал сайттағы мәтіндерге зер салсақ, көбіне абстрактілі дүниелер жазылған. Кейбір сөздері Абай Құнанбаевтың «Толық адам» тұжырымына үндеседі. Жобаның негізгі мақсаты — «сананы ояту», «ішкі нұрды ашу», «биік санаға көтерілу», адам өміріндегі мән мен бағытты табуға көмектесу. Қолданылатын ұғымдар new age бағыттарына ұқсас: энергия, жарық, жан, толқын, сананың жаңа деңгейіне көтерілу. Сайтта ата-бабадан берілетін қорқыныш пен шектеулер жайлы жазылған.

Фото: Sparkofsouls.com 

«Ақыл жоғары санаға сай жұмыс істегенде шығармашылық пен даналықтың қуатты құралына айналады. Дегенмен, көп адам ұрпақтан ұрпаққа берілетін сенімде, қорқынышымен және шектеулерімен бірге өмір сүреді. Жобаның мақсаты — адамзаттың шын рухани болмысын оятып, мұра болып қалған шектеулерді жеңіп, жоғарғы санаға жетуіне ықпал ету. Жарық ұшқыны — өздерін шын мәнінде кім екендерін еске алуға дайын адамдарға бағыт беріп қызмет етеді», — деп жазылған сайтта. 

Жоғары немесе биік сана жайлы бұл ғасырға дейін талай ойшылдар тұжырым жасап, философиялық тоқтамдары жайлы еңбектер жазып кетті. Антика философиясында да адамның өзін танып, өзгеруі жайлы айтылады. Сократ: «Өзіңді өзің таны» дейді. Адам өзінің ақыл парасатымен әлемді билеп, түрлі мәдениеттерді жасап, қазіргі заманға жетсе де, өз бойына, санасына терең бойлай алмады. Ницшенің «Заратустра былай деген» атты кітабында рухани және мәдени биікке жеткен «Жоғары адам» тұжырымы жайлы сөз қозғайды. Абайдың «Толық адам» тұжырымы да бар. 

«Үш-ақ нәрсе — адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», — дейді хакім Абай. 

«Адамзаттың бәрін сүй», «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп толғаған Абай Құнанбаевтың толғамдары бүтін бір ұлттың тарихи жадына жазылған өшпес таңба секілді. Осымен үндесетін Нұрәлі Әлиевтің сайтында сөздер бар. Сөзбе-сөз ағылшын тіліндегі суретін назарларыңызға ұсынамыз.

Фото: Sparkofsouls.com 

Аудармасында: «Адам Құдайды сүйсе, өзін де сүйеді. Өзіңді сүйгенде, денені жоғары дамыған биологиялық ыдыс ретінде сыйлап, қамқорлық жасайды. Бұдан қасиетті үштік туады: рухани байланыс, ақылдың айқындығы және физикалық өмірлік күш».

Сонымен қатар, ол Ислам дініндегі қасиетті кітап — Құранның да аяттарын өз парақшасына салып жүр. Соңғы салған жазбасында былай деп жазылған:

«Егер сен ұмтылып жүрген болмысың сенің бойыңда әлдеқашан бар болса ше?
Ислам ілімінде жан (нафс) тәннен бұрын жаратылған деп түсіндіріледі. Ол Барзақта — бұл дүние мен ақырет арасындағы метафизикалық кеңістікте болады.
Ал біз өмір сүріп отырған бұл әлем — Асфал ас-сафилин.
Бұл — уақытқа, кеңістікке және себеп пен салдарға тәуелді, болмыстың ең төменгі деңгейі.
Одан жоғары мына сатылар орналасқан:
Барзақ — адамның шынайы «мені» өмір сүретін кеңістік.
Малакут — тағдырдың, құдайлық өлшем мен толық нәтижелердің әлемі.
Лахут — Алланың абсолютті, шексіз болмысы», — деп жазды Нұрәлі Әлиев.

Төменде Нұрәлі Әлиевтің келтірген аяттары:

«Уақыттағы рухани сәттер
Күнә рухани байланысты әлсіретеді, тәубе оны қайта түзетеді
Кінә сезімі, ұят және рухани перделер (күнәлар) адамның ішкі қуатын төмендетіп, оны жетуі тиіс шынайы болмыстан алыстатады.
Күнә миының қорқынышқа жауап беретін лимбикалық жүйесін белсендіреді де, адамды тек аман қалуға бағытталған күйге түсіреді.
Ал тәубе мен зікір ішкі үйлесімді қайта қалпына келтіреді:
ми мен жүрек арасындағы байланыс нығаяды, рухани деңгей жоғарылайды.
«Расында, Алланы еске алумен жүректер тыныштық табады».
(Құран, 13:28)», — деп көрсетті Нұрәлі Әлиев.

Жанат Бақыттың ілімі Әлиевтің бастамасына ұқсай ма?

«Алланың миссиясы бітті» деп мұсылмандардың жағасын ұстатқан журналист Жанат Бақыт қазірдің өзінде адамның өзін-өзі түсінуі жайлы, жалпы әлем мен жаратылыс жайлы сабағын сатып жатыр. Ол өзін ғалам заңдылықтарын, ата-тек жадысын, адамның өмірлік мақсатын түсіндіруші ретінде таныстырады. «Ғалам емшілері» сананы өзгерту арқылы «сауықтыру», ата-баба бағдарламаларымен жұмыс, тағдыр мен қаржы ағынын өзгерту секілді іспен айналысады. Көп жерде «өткен өмірлерге» регрессия жасатады деп жатады. Қазір «қуат көзін ашатын», «армандар орындайтын», өзін түсіну жайлы сабақтарды бұрын Жанат Бақыттан оқыған шәкірттері де өткізіп жүр. Жеке сессиялар қымбат, жабық Telegram, Whatsapp топтарға ақы төлеп қосылады.

Фото: Instagram / Жанат Бақыт

Алтынгүл Рысдәулет есімді Жанат Бақыттың шәкірті де қазір тікелей эфир ашып, елге «тәлімгер» болып жүр. Нұрәлі Әлиевпен ұқсастығы — бұл жерде де «ата-тек кармасын тазарту» жайлы сөз қозғалады. 
Мұндай «рухани жолға» түскендердің «табаны жерге тимей әулие» болып ұшып кетпейтіні анық. Тағы бір анық нәрсе — Жанат Бақыттың сабақтарын алып, «өзін рухани толық емес» санаған адамдардың қалтасына түсетін салмақ тағы бар.
Бұл жайлы дінтанушы Әл-Фараби Болатжан былай дейді:

«Меніңше Нұрәлі Әлиевтің болсын, Жаннат Бақыттың болсын жалған діни/пара-діни ілімдерінде «жеке басқа табыну», яғни адам өзінің харизмасын пайдаланып адамдарды өзіне еліктіріп, бағындыру бар. «Мен ақиқат тасымалдаушысымын» – деген ұстанымның белгілері көрінеді», — деді Әл-Фараби Болатжан.

Жалпылама айтқанда бұл «жаңа» рухани бағдарламалардың басым бөлігі буддизмнен алынған медитация тәсілдерін, индуизмдегі карма мен қайта туу ұғымдарын, New age пен гностицизмге тән «ерекше миссия» идеяларын алған және психотерапия элементтерін қолданады.

Нұрәлі Әлиевтің бауыры мен әкесінің қазасы

Осындай рухани жобаны қосқаны жайлы БАҚ өкілдері бақадай шулап ақпарат таратқанда «ақшаны елге қайтарсын» деп пікір жазғандар болды. Расымен ашық дереккөздер мен зерттеу материалдарында тұңғыш президенттің отбасының байлығы жайлы ақпарат өте көп. Forbes журналының деректеріне қарасақ, Қазақстанда ең ірі байлықты уысында ұстайтын отбасылардың бірі — Назарбаевтың әулеті. Олардың жалпы активтері ондаған миллиард доллар (10 млрд 980 миллион) деп бағаланады. Әлиев Forbes есебінше, былтыр Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде 289 млн доллармен 39-орынға тұрақтаған. Әулет мүшелерінің бизнесі банк саласынан бастап, жылжымайтын мүлік, телекоммуникация, мұнай-газ және қаржы секторына дейін тамыр жайған.

«Елді тонаған ескі Қазақстан» өкілдері деп қарайтын қоғам пікірінің салмағынан өз алдына, оның өміріндегі трагедиялар да «рухани жол» табуға түрткі болуы мүмкін. 

Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиев 1983 жылы үйленді. Жиырма жылдан астам уақыт сақталған бұл неке 2007 жылы аяқталды. Күйеу бала болған кездері Рахат Әлиев ұлттық қауіпсіздік комитетінің орынбасары және елші т.б. лауазымдарда отырды. 2000‑шы жылдардың ортасында Рахат Әлиев пен Назарбаев арасындағы араздық күшейе түсті. Рахат Алиев бірнеше рет ашық сөйлеген сұхбаттарда Қазақстандағы билік жүйесінің бұрыс жағын айтып, елдегі саяси ахуалды қатты сынаған. Ол 2007 жылы Қазақстанда оған айыптар тағылғаннан кейін елден кеткен. Кейін ол Австрияда тұрып Қазақстандағы билік пен құқық жүйесін сынады. 2007 жылы Нұрбанк басшылығында болған кезде банк менеджерлері — Жолдас Темірәлиев пен Айбар Қасенов — жоғалып, кейін денелері табылды. Қазақстанда бұл жағдайға Рахат Әлиеатің қатысы бар деп айыпталып, екі адамды өлтіру, ұрлау және азаптау сияқты ауыр айыптар бойынша сотталды. Австрияда да Рахат Әлиевке қатысты тергеу жүрді. 2014–2015 жылдары Австрия прокуратурасы оны екі банкирді өлтіру ісі бойынша айыптады. Алайда 2015 жылы Рахат Әлиев Венадағы түрмеде қайтыс болып, Wiener Zentralfriedhof атты зиратқа мұсылманша жерленді.

Фото: Instagram / Нұрәлі Әлиев

2025 жылы Қайрат пен Реал Мадрид ойыны үшін Дубайдан арнайы келіп қатысты. Өз жазбасында ол әкесінің қазақ футболына қосқан үлесі жайлы айтып, ерекше құрметпен еске алды. Нұрәліден бөлек Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің Венера есімді қыздары бар. Ал 1990 жылғы Айсұлтан есімді Нұрәлінің інісі 2020 жылы Лондонда қайтыс болды. Ол өмірінің соңында билікті сынап, әлеуметтік желісінде ашық пікір білдірген. Айсұлтан өзінің өміріне біреулердің «өміріне қауіп төндіретінін» айтып үлгерген.  Нұрәлі Әлиевтің жары Аида Әлиева да жан дүниеге қатысты түрлі коучинг сессиялар өткізеді. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Нұрәлі Әлиев 41 жасқа толғанын Дубайда ашық аспан астында атап өткен еді. Сонымен қатар, Назарбаевтың Үшқоңырдағы резиденциясы жиені Нұрәлі Әлиевтің қарамағына өткені белгілі болды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →