Омбы қаласында өткен балалар мен жасөспірімдерге арналған хоккей турнирі барысында ресейлік спорт комментаторы Максим Гречанин қазақстандық командаға тіл тигізген. Бұл жағдай «Сібір» мен «Астана» командалары арасындағы ойын басталар алдында орын алған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, тікелей эфир кезінде қазақстандық жас хоккейшілердің атына әдепсіз әрі кемсітетін сөздер айтылған. Атап айтқанда, комментатор оларды «пид..», «чебур..» деп атаған. Бұл сөздер трансляцияны көріп отырған көрермендерге анық естілген.
Оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Жас спортшылардың ата-аналары ресми түрде шағым түсірген. БАҚ мәліметіне сәйкес, аталған факті бойынша ұлтаралық және діни араздықты қоздыру бабы аясында тексеру басталуы ықтимал. Сонымен қатар комментатордың өзі жұмыс істейтін телеарнамен арадағы әріптестігі де тоқтауы мүмкін.
Кейінірек Максим Гречанин жұртшылық алдында кешірім сұрап, микрофонның өшірулі екеніне сенімді болғанын айтты.
«Эфирге шыққан сөздерім мүлде айтылмауы керек еді. Бұл менің тарапымнан өрескел әрі әдепке сыймайтын әрекет болды», – деді ол.
Айта кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес, мұндай мәлімдемелер ауыр жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Ұлтаралық немесе діни араздықты қоздырғаны үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.