Павлодар облысының Ертіс ауылындағы жеке тұрғын үйде болған өрт кезінде құтқарылған екі бала ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ведомство мәліметінше, өрт туралы хабарлама сағат 8:33-те түскен. Өрт сөндіру жасақтары оқиға орнына үш минут ішінде жеткен. Сол сәтте үйді от толық шарпыған, жиһаз, тұрмыстық заттар мен шатыр жанып жатқан. Үй ішінде ата-ананың қарауынсыз қалған төрт бауыр болған.
Құтқарушылар алғашқы минуттардан-ақ зардап шеккендерді іздеуге кіріскен. Үш кәмелетке толмаған бала өрттен құтқарылып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылған. Тағы бір бала өрт сөндірушілер келгенге дейін өздігінен сыртқа шыққан.
Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, 2018 және 2021 жылы туған екі бала ауруханада көз жұмды. 2015 жылы туған баланың жағдайы ауыр деп бағалануда. Ал 2010 жылы туған, өздігінен эвакуацияланған жасөспірімнің жағдайы тұрақты. Балалардың анасы оқиға кезінде жұмыста болған.
Өрттің шығу себебі әзірге анықталған жоқ. Жалын шарпыған аумақ 50 шаршы метрді құрады.