Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы Рауза Ахметқызы Қонаева 91 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қаралы хабарға байланысты Қонаев атындағы халықаралық қор марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Рауза Қонаева Қазақстандағы белгілі биолог-ғалым болған. Оның ғылыми еңбектері тек ел ішінде ғана емес, шетелдік ғылыми ортада да жоғары бағаланып, кеңінен танылған.
Сондай-ақ марқұмның Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің жұбайына нағашы әпке екені белгілі болды. Депутат та өз көңіл айтуын білдіріп, Раузa Қонаеваны мейірімді, жанашыр әрі әрдайым қолдау көрсете білетін жан ретінде еске алды.
Рауза Ахметқызы Қонаеваның өмір жолы мен ғылымға сіңірген еңбегі ел тарихында із қалдырды. Марқұмның жарқын бейнесі туған-туыстары мен замандастарының жадында сақталмақ.