Жетісу облысында кәмелетке толмаған балаларға қатысты болған оқиға бойынша тергеу амалдары басталды. Бұл туралы Балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлады, деп жазады Qaz365.kz.
Комитет мәліметінше, баласын соққыға жықты деген күдікке ілінген ана ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс аясында тиісті тергеу жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта балалар қауіпсіз жерде орналастырылған. Зардап шеккен балаға қажетті медициналық көмек көрсетілген. Комитеттің хабарлауынша, барлық балалардың жағдайы тұрақты, оларға психологиялық қолдау да көрсетілуде.
Сонымен қатар қамқоршылық және қорғаншылық органдары ананы ата-ана құқығынан айыру мәселесін заңнамаға сәйкес жеке тәртіппен қарайтын болады. Оқиғаның мән-жайы өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бақылауында екені атап өтілді.
Комитет балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мемлекет үшін басым бағыт болып қала беретінін мәлімдеді.