392 фотосурет талданып, 326 адамның жеке басы анықталды
Ирандағы наразылықтарды басу кезінде қаза болған жүздеген адамның бет-әлпеті суреттерді BBC жариялады. 392 фотосурет талданған, оның ішінде 326 адамның жеке басы анықталған. Көптеген құрбандардың беті қатты зақымданған, кейбіреулерінің кім екені тек банк картасы немесе басқа жеке заттары арқылы ғана анықталған.
Qaz365.kz редакциясы ВСС жариялаған ақпаратты ықшамдап назарларыңызға ұсынады.
BBC Verify-ге шыққан ақпаратқа сәйкес, Ирандағы билікке қарсы наразылықтарды күшпен басу кезінде қаза болғандардың жүздеген фотосуреттері жарияланды.
Суреттерде кемінде 326 адамның, соның ішінде 18 әйелдің, қан-жоса болған, ісіп кеткен, жарақаттанған бет-әлпеті көрсетілген. Бұл суреттер Тегеранның оңтүстігіндегі мәйітханада көрсетілді. Көптеген құрбандардың бет-әлпеті қатты зақымданған, сондықтан олардың кім екені анықталмаған. 69 адамның фотосына «John Doe» немесе «Jane Doe» деп жазылған, яғни олардың кім екені белгісіз болған. Тек 28 адамның фотосында есімі анық көрініп тұрған.
100-ден астам адамның фотосында өлген күні 9 қаңтар деп көрсетілген. Бұл Тегеранда наразылыққа шыққандар үшін ең қанқұйлы түндердің бірі болды.
Қаланың көшелері қауіпсіздік күштерімен қақтығыстар кезінде өртке оранды, наразылық білдірушілер елдегі жоғары билікке және Ислам республикасына қарсы ұран айтты. Бұл шерулер бұрынғы шахтың ұлы Реза Пахлавидің елге шақыруынан кейін басталды. BBC Verify-дің зерттеуі бойынша, бұл суреттер Иран мемлекетінің қолынан қаза болған мыңдаған адамдардың бір ғана парасын көрсетеді.
Интернеттің толықтай өшірілуі билікке қарсы наразылықтарды және үкіметтің күш қолдануын толық түсіруді қиындатты. Иранның Жоғарғы көшбасшысы Айатолла Али Хаменеи бірнеше мың адамның қаза болғанын мойындағанымен, оны АҚШ, Израиль және «қозғалысшылардың» кесірі деп көрсеткен. Қатаң интернет шектеулеріне қарамастан, кейбір адамдар ақпаратты сыртқа шығара алған.
BBC Verify-ге Кахризак сот-медициналық орталығынан алынған жүздеген жақын түсірілген фотосуреттер жеткізілді. 392 фотосурет талданып, 326 адамның жеке басы анықталды. Кейбірі әртүрлі бұрыштардан бірнеше рет түсірілген. Дереккөздердің айтуынша, шын мәнінде моргте қаза болғандар саны мыңдаған адам болуы мүмкін.
Бір дереккөз, аты-жөнін жарияламай, мәйітхана ішіндегі көріністі көріп қатты шошығанын, қаза болғандар арасында 12–13 жастағы балалардан бастап 60–70 жастағы қарттар да болғанын айтқан.
Мәйітхана ішінде отбасы мүшелері мен достары экранға жиналып, суреттердің ішінен жақындарын анықтауға тырысқан. Фотосуреттер экранда сағаттар бойы көрсетілген. Көптеген құрбандардың жарақаты ауыр болғаны сонша, олардың кім екені анықталмаған. Бір адамның беті қатты ісіп, көздері көрінбей қалған. Кейбір құрбандардың жарақаттанғаны сонша, жақындары фотосуреттерді қайта қарап, бет-әлпеттерін үлкейтіп көрсетуін сұраған. Ал кейде адамдар жақын адамдарын бірден танып, жерге құлап, айқайлап жылаған.
Көптеген суреттерде денелердің қаптары ашық, беттерінің қасында қағаздар қойылған. Онда аты-жөні, жеке куәлік нөмірі немесе өлген күні көрсетілген. Кейбір жағдайларда тек банкт картасы ғана қалған, ол құрбандардың жанындағы соңғы заттары болған.
BBC Verify басқа видеоматериалдарды да тексерді. Бір бейнеде баланың денесіне, екіншісінде адамның басынан оқ тигені көрінеді. Бұл видеоларды көрсету ауыр болғандықтан жарияланбаған. Кейбір ирандықтар интернетке қосылғанда немесе көрші елдерден желі арқылы қауіпсіз жерде ақпаратты жариялап жатыр. Брақ бұл жағдайлар да өте сирек кездеседі.
28 желтоқсанда басталған билікке қарсы наразылықтар қазірге дейін Иранның 71 қаласы мен ауданында тіркелген. Бірақ шеруге шыққан өңірлер саны одан да көп болуы мүмкін. Starlink арқылы жарияланған кей фотосуреттерде көшелерде өртенген көліктер көрінеді. Ал тексерілген видеолар Тегерандағы наразылық кезінде оқ атылғанын көрсетеді. Интернет шектеуі қайтыс болғандардың нақты санын анықтауды қиындатқанымен, HRANA құқық қорғау ұйымының бағалауы бойынша наразылық кезінде 4 000-нан астам адам қаза болған.