×

Меркі ауданында 22 жасөспірім спортшы ауруханаға түсіп қалды

Бұл дерек 21 қаңтарда Меркі аудандық полиция бөлімінде тіркелген

Меркі ауданында 22 жасөспірім спортшы ауруханаға түсіп қалды
Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Жамбыл облысының Меркі ауданында орналасқан «Тұран» демалыс орнында болған оқиғадан кейін 22 жасөспірім медициналық көмекке жүгінді. 2026 жылғы 21 қаңтар күні кешкі сағат 22:40 шамасында Қызылорда облысынан күрес түрінен оқу-жаттығу жиынына келген 12–17 жас аралығындағы балалар аудандық көпбейінді орталық ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Дәрігерлердің алдын ала қорытындысы бойынша, науқастарға этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит диагнозы қойылған. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы жеңіл, денсаулықтары тұрақты, барлығы дәрігерлердің бақылауында.

Аурудың нақты себебін анықтау үшін науқастардан және демалыс орнында берілген тағам үлгілерінен зертханалық сараптамалар алынған. Нәтижелері әзірге шыққан жоқ. Осыған байланысты облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тиісті тексеру жұмыстарын бастады.

Бұл дерек сол күні Меркі аудандық полиция бөлімінде тіркелген. Құзырлы органдардың тексеру қорытындысына сәйкес, алдағы уақытта заң аясында процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен оқиға орнына облыс әкімінің орынбасарлары Айжан Есмағамбетова мен Серік Сәлемов барып, жедел штаб отырысын өткізді. Қазіргі таңда жағдай толық бақылауға алынған.
Ресми мәліметке сәйкес, демалыс орнында барлығы 103 жас спортшы мен 13 жаттықтырушы орналасқан. Қалған балаларға да медициналық тексеру жүргізілген, олардың арасынан ауру белгілері анықталмаған. Қауіптің алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар жалғасып жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында өрт кезінде қаза тапқан кәмелетке толмаған қыздың анасы қамауға алынған еді.  

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →