Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда
23 қаңтар күні Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде мерзімді әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан өзіне оқ атып, алған жарақатынан көз жұмды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қайғылы жағдай туралы алғашқы болып редакцияға сенімді дереккөзі хабарлаған болатын. Qaz365.kz тілшісінің арнайы жолдаған сұрағына ҚР Қорғаныс министрлігінен былай деп жауап берді:
“Әскери қызметші өткен жылдың сәуір айында мерзімді әскери қызметке шақырылған. Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы ІІМ Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Өскемен бөлімі қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының бақылауында. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді”.
Сондай-ақ жауапхатта Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша арнайы комиссия құрылғаны айтылған.
“Оқиғаның мән-жайын объективті және жан-жақты анықтау мақсатында оқиға орнында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабековтің жетекшілігімен комиссия жұмыс жүргізуде. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштерінің басшылығы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек көрсетіледі”, – деді ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Арынғали Акишев.