Әкім тексеру мен тергеу аяқталғаннан кейін тиісті құқықтық баға берілетінін айтты
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев спорт басқармасындағы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімхановқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оқиға 21 қаңтар күні қалада Сәпиевтің кеңсесінде болған. Екі азамат арасындағы жанжал төбелеске ұласып, салдарынан бір адам жарақат алған. Бейресми ақпаратқа сәйкес, Сәпиевтің орынбасары, самбодан Азия және әлем чемпионы Дәурен Есімхановпен жанжал болған. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев дене шынықтыру және спорт басқармасында орын алған оқиғаға байланысты пікір білдіріп, аталған мәселеге қатысты асығыс баға беріп, жедел қорытынды жасауға болмайтынын атап өтті.
«Қандай жағдай болса да, оған құқықтық тұрғыдан баға берілуі тиіс. Әрбір тәртіпсіздік жазасыз қалмауы керек. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың жұмысы еш кедергісіз, заң аясында жалғасуы қажет. Бұл оқиға бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі арнайы тексеру жүргізеді. Басқарма қызметі жан-жақты аудиттен өтеді. Тергеу аяқталғаннан кейін барлық әрекетке тиісті құқықтық баға берілетін болады», – деді Ермағанбет Бөлекпаев аппарат жиынында.
Облыс әкімі барлық мемлекеттік қызметшілердің заң талаптары мен қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтауы қажеттігіне ерекше назар аударды.
«Қоғамдағы кез келген келіспеушілік пен жұмыс барысындағы даулы мәселелер тек құқықтық алаңда шешілуі тиіс. Әрбір басшы ұжымдағы тәртіпке, заңның сақталуына және мемлекеттік органның беделіне жеке жауап береді. Мұны баршаңыз естен шығармауларыңыз қажет», – деп түйіндеді Ермағанбет Бөлекпаев.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қарағандыда Серік Сәпиевке жасалған шабуыл бойынша қылмыстық іс қозғалды.