Қаруды ұстау кезінде жарақат алған
27 қаңтарда Жамбыл облысында қаруды ұстау кезінде жарақат алған мерзімді қызметтегі сарбаз көз жұмды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, аталған факт бойынша ІІМ әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
«Жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу барысы Бас прокурордың жеке бақылауында. Оқиғаның алдындағы мән-жайларды объективті және жан-жақты (комиссиялық) анықтау мақсатында қорғаныс министрінің орынбасары, бас әскери прокурор және ІІМ әскери-тергеу департаментінің бастығы оқиға орнына шықты», – делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта.
Сонымен қатар, бұл топтың алдына еліміздің тиісті әскери бөлімдерінде әскери тәртіптің сақталуы мен жеке құрамның қауіпсіздік талаптарының сақталуына жан-жақты тексеруді ұйымдастыру тапсырылған.
Бұдан бөлек, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, мерзімді қызметті өткеру қауіпсіздігі мәселелері жақын арада Бас прокуратураның арнайы алқа мәжілісінде қаралады.