Жамбыл облысында қаруды ұстау кезінде қаза тапқан мерзімді әскери қызметкердің өліміне байланысты тергеу шаралары күшейтілді. Бас прокуратураның мәліметінше, аталған дерек бойынша ІІМ-нің әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ведомство хабарлауынша, оқиға орнында жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу барысы Бас прокурордың жеке бақылауына алынған. Оқиғаның барлық мән-жайын объективті және жан-жақты анықтау үшін Қорғаныс министрінің орынбасары, Бас әскери прокурор және ІІМ әскери-тергеу департаментінің басшысы Жамбыл облысына барған.
Сонымен қатар, арнайы топқа еліміздің тиісті әскери бөлімдерінде әскери тәртіптің сақталуы мен жеке құрамның қауіпсіздік талаптарының орындалуына кешенді тексеру жүргізу тапсырылды. Бұл шаралар осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында қолға алынған.
Бұдан бөлек, мерзімді әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын қорғау, әскердегі қауіпсіздік мәселелері жуырда Бас прокуратураның арнайы алқа мәжілісінде қаралатын болады. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті құқықтық баға берілмек.