Оңтүстік Кореяда ірі өрттен кейін қазақстандық азамат жоғалып кетті.Оны іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Оқиға 30 қаңтарда Мэндон-мён елді мекеніндегі азық-түлік және сусын өндіретін зауытта болған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Өрт шыққан сәтте ғимараттан 81 адам шұғыл эвакуацияланған. Алайда екі жұмысшы байланысқа шықпай қалған, олардың бірі – Қазақстан азаматы.
Келесі күні құтқарушылар мен полиция өртенген цехтан жеке басы әзірге анықталмаған мәйіт тапты. Қазіргі уақытта оның кім екені ДНҚ сараптамасы арқылы тексеріліп жатыр.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстанның Сеул қаласындағы елшілігі корейлік қызметтермен тұрақты байланыста, сондай-ақ жоғалған азаматтың туыстарымен хабарласып отыр. Табылған адамның жеке басы алдағы уақытта ресми түрде нақтыланады деп күтілуде.