Оқиғаға байланысты мектепте жоспардан тыс санитарлық-эпидемиологиялық тексеріс жүргізіліп жатыр.
Астанадағы «Мирас» мектебінде кіші сыныпта оқитын оқушылар жаппай уланып қалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Астананың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің орынбасары Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, оқиға 30 қаңтар күні болған. Медициналық көмекке 5–6 жас аралығындағы сегіз бала, бастауыш сынып оқушылары жүгінген.
«Алты балаға ішек инфекциясы диагнозы қойылды. Қалған екеуінен асқазан-ішек жолдарының бұзылғаны анықталды. Алдын ала болжам бойынша, балалардың жағдайының нашарлауы 30 қаңтардағы түскі асқа байланысты болуы мүмкін», – деді Арыспаев.
Сыныпта барлығы 16 бала оқиды. Олардың жартысында ішек ауруының белгілері бар. Қазіргі таңда зардап шеккен барлық балалар медициналық бақылауда, үйде ем қабылдап жатыр.
Айта кету керек, білім мекемесі 2007 жылы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды жасаған. Ал мектеп асханасына қамтамасыз ететін кәсіпкер 2026 жылғы 19 қаңтарда қызметке кіріскен. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары дәл себептерін анықтау үшін тексерістерін жалғастырып жатыр.