Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Даурен Есімханов қызметтерінен босатылды. Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ресми ақпаратқа сәйкес, аталған лауазым иелері қызметтен өз еркімен кету туралы өтініш берген. Өтініштері қанағаттандырылған.
Айта кетейік, бұған дейін Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімхановтың арасында жанжал болып, соның салдарынан басқарма басшысы дене жарақатын алғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Аталған дерек бойынша полиция 42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде қылмыстық іс қозғап, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстары басталғанын хабарлады.
Кейінірек әлеуметтік желілерде Серік Сәпиев пен оның орынбасары арасындағы жанжал сәті түсірілген бейнежазба жарияланды. Сонымен қатар, Серік Сәпиевтің өзі де ресми мәлімдеме жасап, болған оқиғаның себептеріне түсініктеме берді.