Оның видеосы Атыраудағы ойын-сауық мекемелерінің бірінде 2 ақпан күні түсірілген
Блогер Құралай Болатованы ұрып-соғып, заттарын тартып алып, артынша қылмысты жасыру үшін үйіне алып барған күдікті қыздардың бірі Айдана Ақмурзиеваның бейнежазбасы тарады. Ол заң бойынша үйқамақта болғанына қарамай, қоғамдық орында жүргені көрінеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Белсенді Рүстем Баязиев осы бейнежазбаны жариялады. Бұл жайт қоғамда қызу талқыға түсті. Себебі бұған дейін бұл Айдана Ақмурзиеваның үйқамаққа қамалғаны белгілі.
Желі қолданушылары үйқамақтағы адамның түнгі мекемеде жүргеніне қатысты сұрақ қойып, құқық қорғау органдарынан түсініктеме беруді талап етіп жатыр. 13 мың жазылушысы бар блогер турға 100 мың теңге алдын ала берген. Бірақ тур ұйымдастырылмаған. 3 қазан күні Айдана Ақмурзиева мен оның досы «сөйлесуге» шақырған.
«Құрбымның туған күніне барған болатынмын. Маған сол кезде Ақмурзиева Айданадан хат келді. Түрлі балағат сөздермен «Қайдасың? Қазір келемін. Быт-шытыңды шығарып кетемін» деп жазды. Мен үйге такси шақырып жатқанда мені сөйлесеміз деп көлікке отырғызып алды. Құрбымды да отырғызды. Оны үйіне апарып тастады. Ал мені мола жаққа апарып, ұрып-соғып, бетімнен теуіп, сол жерде мен талып қалдым», — деді Құралай Болатова.
Ары қарай олар Құралай Болатованы Айдана Ақмурзиеваның құрбысының үйіне апарған. Құралай сол үйде оны ұрғанын, телефонын ашып беруін талап еткенін айтты. Құралай Болатованың сөзінше, олар қорқытқан смс хаттарды өшірмек болған.
Жақында сот шешімі шығады. Ақмурзиева бейнежазбада сот алдында жауап бергенін айтып ызаланып сөйлейді. Жәбірленушіден кешірім сұрамағанын ашық айтады.
Бұған дейін Құралай Болатованы үйіне апарған сәттің бейнежазбасы шыққан еді. Сол бейнежазбада бір ер адамның жүргені байқалады. Рүстем Баязиевтің айтуынша, ер адам Айдана Ақмурзиеваның жігіті, әрі ішкі істер органдарында істейді. Осы жігітке қатысты белсенділер мен қоғамда түрлі сұрақтар туындап жатыр.
Qaz365.kz істі бақылап, тікелей ақпарат таратып отырады.