×

«Оқушы оны 26 рет пышақтап, мәйітін қорлаған»: Диана Оңғарбаеваның жақындары 7 жыл деген үкіммен келіспейді

Шымкентте жасөспірімнің қолынан қаза тапқан Диана Оңғарбаеваның жақындары аппеляциялық шағым берді

«Оқушы оны 26 рет пышақтап, мәйітін қорлаған»: Диана Оңғарбаеваның жақындары 7 жыл деген үкіммен келіспейді
Коллаж: Qaz365.kz

2025 жылы жазда Шымкенттегі кәмелеттік жасқа толмаған 11-сынып оқитын жасөспірім 26 жастағы Диана Оңғарбаеваны 26 жерінен пышақтап өлтірген болатын. Кейін оның мәйітін қорлағаны жайлы ақпарат бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген еді. Сотталушы марқұмның денесін қара дорбаға орап, қоқысқа апарып тастаған. Дене бұзылып, шіри бастағанда табылған. Жасөспірім 7 жыл 6 айға сотталды. Жәбірленуші тарап үкіммен келіспей, аппеляциялық арыз жазды. Диана Оңғарбаеваның артында екі баласы қалды.

Qaz365.kz редакциясы жан түршігерлік істегі жәбірленуші тарапқа хабарласып, мән-жайды сұрады. 

4 ақпанда Шымкентте қалалық мамандандырылған ауданаралық соттың 2025 жылғы 4 желтоқсандағы үкімін толық жою туралы талап-арыз қаралды. 

«Әке-шешесін мүлде жауапкершілікке тартпады»

Қарлығаш Оңғарбаеваның сөзінше, сотталушы өзі бір адамның үйінде жалданып қызмет істеп жүрген. Үйде ешкім жоқ екенін пайдаланып, «үй тазалау үшін» деп енді жұмысқа шыққан Диана Оңғарбаеваны шақырған. Қарлығаш Оңғарбаева сотталушының әке-шешесін ешқандай жауапкершілікке тартпағанына наразы. 

«Ол біреудің үйінде құрылысына көмектесіп жалданып жұмыс істеп жүрген. Шымкентте. Өзі Қасқасудың баласы. Кейін сол үйде ешкім жоқ екенін пайдаланып, «үй жинау» деген желеумен шақырған. Ата-анасы қалай кәмелеттік жасқа толмаған баланы жалғыз жұмыс істеуге жіберген? Үйдің иесі де, баланың әке-шешесі де жауапкершілікке тартылмады. Ол жерде жұмыс берген адамды да, жұмысқа жібергенді де жазаға тарту керек қой. 17 жасқа толған бала. Бұл сотта да қарастырылған жоқ. Тіпті шешесін сотқа қатыстырмады. Кеше аппеляциялық сотта баланың адвокаты айтады. Баланың әкесін мүгедек деп. Шешесі зейнеткер дейді. Сонда олардың жағына үкімет жақтан заң бойынша бәрі қарастырылады да, зейнеткер, мүгедек деп. Қалай жағдайы жоқ? Жағдайы болмаса, адвокат жалдап ала алмайды ғой? Олар ақша бермесе, кім олардың сөзін сөйлейді? Мен соттың осылай өтіп жатқанынан күдіктенемін», — деді Қарлығаш Оңғарбаева.

Qaz365.kz редакциясына марқұмның жақындары жіберді

Марқұмның анасы Диананың енді ғана жұмысқа шыққанын айтты. 21 шілдеде Диана хабарсыз кеткен. Анасы мен жақындары полицияға хабарласып, кейін өз беттерінше іздей бастаған. Анасы құрбыларынан сұрап, марқұм жұмыс істеуге кеткен үйді іздеп жүргенде құзырлы орган қызметкерлері қоңырау шалған.

Qaz365.kz редакциясына марқұмның жақындары жіберді

Құзырлы орган қызметкерлері айтқан мекенжайға барған. Барғанда мәйітхана екенін білген. Қайғыдан қан жұтқан ана 10 күн қоқыста жатып қалған қызының мәйітін көріп, танымай қалғанын айтты.

«Бізді мәйіті табылғанда шақырды. Мәйітханаға бардық. «Ішке кіріңіз» деді. «Жай ма?» деп едім: «Сіздің қызыңыз осы жерде» деді. «Қалай менің қызым бұл жерде! Сендер маған «екі күн ішінде тауып береміз» деп айтқансыңдар» дедім. Көрсеткенде адам тани алмайтындай болды. 10 күн қоқыста, арт жағында жатқан. Оны жұмысшы кісілер тапқан. Ана жерде мен өз қызыма ұқсата алмадым. Менің қызыма мүлде ұқсамайды. Киімінен таныдым», — деді қайғыдан қан жұтқан ана. 

«Мәйітті қорлағанын жоққа шығарды»

Марқұмның анасы ескерілмеген жағдайларды айтты. Оның сөзінше, мәйітті қорлау бойынша айыпты жоққа шығарған. Ол тергеу кезінде көп жағдайды білмегенін де атап өтті. Білсе «сараптаманы басқа жерге жасатар едім» дейді анасы. 

«7 жыл деген өте аз. Оның 10 күн бойы мәйітті қорлағаны бар. Зорлағаны бар. Зорланғанын жоққа шығарып отыр ғой. Сараптаманы сатып алуы мүмкін. Сол оқиға болғанда бала 16 жаста болған. Оқиғадан кейін бір айдан кейін 17 жасқа толды. Тауық ұрлағандарға 5 жыл береді. Ал адам өлтіріп, оны қорлағаны бар, мәйітті жасырғаны бар, телефонын ұрлап сатқаны бар... Соның бәрін ескеріп, ауыр жаза беруі керек қой», — деді Қарлығаш Оңғарбаева.

Қарлығаш Оңғарбаева сараптама қағазын ала алмағанын айтып, оны бермеген тергеуші мен прокурордың әрекетін баяндады.

«Сараптаманың қағазын тергеу кезінде Тәңірберген Асхат деген тергеушіден сұрағанымда: «Мен бере алмаймын, прокурордан сұраңыз» деді. Мен көшірмесін беруі қажет екенін айттым. Содан прокурорға бардым. Прокурордың өзі:  «Неге бермеді, беруі керек көшірмесін» деді. Сол кезде кім екенін білмедім, біреу қоңырау шалып қалды. Сөйлесіп болғаннан кейін: «Сараптаманың қағазы сізге не үшін қажет?» деді. «Оны не істейсіз? Бермеймін. Не істесең де, соны істе бермеймін. Астанадағылар менен алатын болса, алып алсын» деп өзгерді. Мен осыны күтіп жүргенімді айтып сұрағанмын. 1 ай 5 күн күттім. Бір қағазға қол қойдыртып алмақ болды. Ештеңеге қол қоймадым. Ақыры Астанаға барғанда осы прокурордың әрекетін айттым. Маған прокурорды ауыстыруын сұрадым. Ақыры сотта басқа прокурор болды», — деді Қарлығаш Оңғарбаева.

«Жоғарыда істейтіндер туыстары ықпал етуі мүмкін»

Ол сотталушының жақындары жоғары жақта істеген соң солай болуы мүмкін деп күдіктенетінін айтты. Бұл жайлы анасы былай дейді:

«Олар зорлау дерегімен келіспейді. Айыпталушы баланың туыстары белгілі бір қызметтерде істейді. Қылмыс жасаған бала Қасқасу ауылынан, ол жақта жоғары қызметтегілер көп. «Бір шу шықса, істі жауып тастайды» дегенді бұрын еститінмін. Тергеу барысында көптеген жайттар ескерілмеген. Ол кезде мен мұны білмедім. Егер білгенде, сараптаманы Шымкенттен тыс қалада жасататын едім. Қазір сараптаманың өзіне күмән бар. Зорланған, 10 күн далада жатқан күннің өзінде ұрық қалады. Соны жоққа шығарып отыр. Оның мақсаты «үй жинау» деген желеумен жыныстық қатынасқа түсу болған. Менің қызым болса да, басқа қыз келсе де, сондай мақсатпен шақырған», — деді марқұмның анасы.

Qaz365.kz редакциясына марқұмның жақындары жіберді

«Жалпы 26 жарақат: кеңірдегін кескен»

Ол марқұмның денесіндегі жан шошырлық жарақаттар жайлы айтып берді. 26 жарақаттың жиырмасы өте ауыр жарақат болған. Анасы мәйітханаға көп кірген соң бәрін есінде сақтаған.

«Нақты 26 пышақ жарақаты бар. Соның алтауы жеңіл. Қалған жиырмасы қатты ауыр жарақат. Мойнының екі жерінен, кеңірдегінен кескен. Өзім мәйітханаға кіргенде көрдім. Алақанында да жарақат бар. Екі бүйрек жағына, санына тыққаны бар. Бәрін көрдім. Өйткені мен мәйітті көруге қайта-қайта кірдім», — деді Қарлығаш Оңғарбаева.

Анасының сөзінше, психолог күдіктінің ақыл-есінің дұрыс екенін айтқан. Сараптама дұрыс шыққан.

«Ол шыққан күнде де ешкім кепіл бере алмайды ғой. Сараптамада психологиялық жағынан таза деп шығарды. Сот болып жатқанда психологтың өзі: «оған сөйлемеңдер» деп отырды. Сонда ол адам өлтіргенде қорықпайды да, сотқа келгенде қорқа ма?», — деп күйінді марқұм анасы. 

«Диана қолынан келмейтін іс болса да, жұртқа көмектесетін»

Анасының сөзінше, марқұм өте мейірімді, жанашыр адам болған.

«Диана ақкөңіл ашық, қолынан келмейтін нәрсе болса да, жұртқа көмектескенді жақсы көретін. Мейірімді болатын. Сенгіш болатын. Қандай адам не айтса да, сене беретін. Ол өтірік айтты ма? Шын айтты ма?  Қарамайтын. Жанашыр болатын», — деді марқұмның анасы. 

Жәбірленуші тарап әділ жаза берілуін талап етеді. Сот аппеляциялық шағымды құптайды деп үміттенеді.

«12 ақпан сот үкім айтады ғой. Сол кезде әділ жазасын берсе екен деймін. Жоғарыда отырған қатаң жаза шығарса екен деймін. Кәмелеттік жасқа толмаған балаға да қылмыстың ауырлығына қарай заң шығарса екен деймін. Егер бұлай жеңіл жаза бере салатын болса, басқалар да солай қылмысқа істейді ғой», — деді Қарлығаш Оңғарбаева. 

Жәбірленуші тараптың сөзінше, бұл істе тергеу амалдарында көптеген қателіктер кеткен. Енді сот сатысына қосылған жаңа адвокаттар істе әділдікті талап етіп отыр. Апелляциялық отырыста «Human rights Lawyers» қоғамдық қорының адвокаттары: Айман Омарова, Ләззат Рақышева, Бахытжан Чалабаева үкімнің заңға сәйкес емес екенін және жан‑жақты қаралмағанын, істі қайта қарап, прокуратураға жолдау қажеттігін айтты. Адвокаттар күдіктіні ҚР ҚК 99‑бабы 2‑бөлігінің 5 және 10‑тармақтары бойынша айыптауы керек деп есептейді.

Алғашқы сотта сотталушының ісі мынадай айыптар бойынша қаралған:

  • ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі – «адам өлтіру»;
  • ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігі – «мал-мүлікті немесе жеке затты ұрлау»;
  • ҚР ҚК 314-бабы 1-бөлігі – «мәйітке қорлық көрсету».

Алайда, адвокаттар жәбірленуші тараптың ҚК 99-бабының 2-бөлігінің 5 және 10-тармақтарын қолдануы тиіс деген талабын жеткізді. 

Өйткені осы тармақтар қылмыстың ауырлығын көрсетеді:

  • 5-тармақ — «адамды аса қатыгездікпен өлтіру»;
  • 10-тармақ — «адам өлтіруді басқа қылмысты жасыру мақсатында жасау» (мысалы, зорлық әрекетін жасыру үшін өлтіру).

Сонымен қатар, жәбірленуші тарап мәйітті қоқыс контейнеріне тастау бойынша сот 314-бапқа сәйкес қосымша айып тағайындауы тиіс деп санайтындарын айтты.

«Азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау» жобасының үйлестірушісі, Human Rights Lawyers президенті Ләззат Рақышева бұл сот үкімін жеңіл деп санайды. 

«Осы қылмыстың салдарынан екі кәмелетке толмаған бала анасынан айырылып, жетім қалды. Бұл – сөзсіз ауыр зардап болды. Алайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында прокурор да, тергеуші де Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 54-бабының 1-бөлігінің 2-тармағы бойынша ауыр зардаптардың бар екенін көрсетуді қажет деп таппаған. Сонымен қатар, осы баптың 1-бөлігінің 6-тармағында қылмысты басқа бір қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету мақсатында жасау да жазаны ауырлататын мән-жай ретінде көрсетілген», — деді Ләззат Рақышева.

Құқық қорғаушы сотталушының қылмысты жасырмақ болғанын айтты. Ол аса қатыгездікпен істелген қылмыстан марқұмның азап шеккенін деатап өтті. Оның сөзінше, прокурордың бұл жағдайды ауырлататын мән-жай ретінде сараламағаны түсініксіз. 

«Іс бойынша берілген көрсетілімдерден сотталған баланың бұл қылмысты алдымен зорлау фактісін жасыру мақсатында, ал кейіннен өз сөздері бойынша алаяқтықты анасына білдірмеу үшін жасағаны анық көрінеді. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 54-бабының 1-бөлігінің 9-тармағында жәбірленушіге ерекше қатыгездікпен азап келтіру де ауырлататын мән-жай ретінде белгіленген. Жәбірленушінің өлім алдында қатты азап шеккені анық. Соған қарамастан, не себепті прокурор да, тергеуші де бұл мән-жайды жазаны ауырлататын жағдай ретінде көрсетпегені түсініксіз. Сондай-ақ, осы баптың 1-бөлігінің 14-тармағында қылмысты сенімді немесе шарттық қатынастарды пайдалана отырып жасау жазаны ауырлататын мән-жай саналатыны нақты көрсетілген», — деді Ләззат Рақышева.

Ләззат Рақышева сотталушының «үй жинау» деп жұмыс бойынша сенімге кіргенін де тілге тиек етті. Оның сөзінше, ауырлататын мән-жай жоқ деп көрсетілуі дұрыс емес. 

«Сотталушы жәбірленуші Оңғарбаеваға үй жинау сылтауымен, яғни белгілі бір келісім негізінде, сеніміне кіріп, кейін сол сенімді пайдаланып адам өлтіру қылмысын жасаған. Осыған байланысты, үкімде ауырлататын мән-жайлар жоқ деп көрсетілуі дұрыс емес деп санаймын», — деді Ләззат Рақышева.

4 ақпан күні аппеляциялық сот үкім мен жәбірленуші тараптың арызын қарап, 12 ақпанға қалдырды.

Qaz395.kz істі бақылап, тікелей ақпарат таратып отырады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →