Атырау облысының Құлсары қаласында орналасқан А.С. Пушкин атындағы №6 мектептің директоры қызметінен босатылды. Кадрлық шешімге мектеп оқушысының оқу орны ішінде құрдастарына балтамен шабуыл жасауы себеп болған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ведомство мәліметінше, оқиғаға байланысты жүргізілген қызметтік тексеріс аяқталған. 5 ақпанда мектеп директорына «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Ал келесі күні ол өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш жазып, өтініш сол күні қанағаттандырылған.
Оқиға 10-сыныпта оқитын 15 жастағы жасөспірімнің құрдастарымен жанжалынан кейін болған. Тергеу дерегіне сәйкес, балтамен екі жасөспірімге шабуыл жасап, кейін мектеп аумағынан қашып кеткен. Зардап шеккендер жеңіл дене жарақатын алған.
Құқық қорғау органдары күдіктіні жедел түрде ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Ол профилактикалық есепке алынды. Аталған дерек бойынша «Бұзақылық» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар оқушының ата-анасына қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданған.