Көліктен түскен әкелі-балалы екеуді бейтаныс адамдар қоршап алған
Түркістан облысында түн ішінде 18 жастағы жігітті әкесінің көзінше атып кетті. Абырой болғанда, пневматикалық тапаншадан ішіне оқ тиген Сайрам ауданының тұрғыны аман қалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қылмыс кеше түнгі он бірлер шамасында болған. Әкесінің айтуынша, 18 жастағы Салахаддинді сол ауылдың баласы өзара мәселені шешу керек деп кездесуге шақырған екен. Оны естіген әкесі баласымен бірге барыпты. Көліктен түскен әкелі-балалы екеуді бейтаныс адамдар қоршап, қысымға ала бастаған.
«10-15 бала жиналып тұр екен. Бір ауыз сөзге келместен, мені қоршап алды. Содан соң, машинадан бір зат алды. Дубинка болар деп қарап тұрғанымда, онысы пистолет болып шықты да, маған қарай оқ атты. Сол кезде мен еңкейіп қалдым. Екінші рет атайын деп жатқанда, оқ алдыма қалқан болып тұра қалған баламның ішіне тиді. Бүзақылар қашып бара жатқан жерінен Өзбекстан шекарасында ұсталды. Сол жерден оларды таңғы сағат 05:30-да арнайы жасақ қызметкерлері ұстап әкелді. Әке шешесі баланың хал-жағдайын сұрауға да келмеді», – дейді оқиғаның куәгері, жәбірленушінің әкесі Бахрамжан Шукуров.
Жарақаттанған жігіттің жай-жүйі туралы Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарламасынан белгілі болды.
«10 ақпан күні Сайрам аудандық орталық ауруханасына травматикалық қарудан атылған азамат жеткізілді. Алғашқы тексеру барысында оқтың дене қуысына өтпегені анықталды. Науқасқа қажетті диагностикалық зерттеулер жүргізіліп, тиісті медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлердің бақылауынан кейін жалпы жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, амбулаториялық бақылауға жіберіліп, үйіне қайтарылды», – делінген хабарламады.
Жігіттердің арасындағы дау Салахаддиннің атастырып қойған қалыңдығынан басталған сыңайлы. Осылай деген жәбірленуші тарап күдікті жазадан құтылып кетуі мүмкін деп алаңдайды. Өйткені бұған дейін де адам атып, жауапқа тартылмағанын естіген екен. Жараланған жігіт қазір жеке меншік ауруханада жатыр. Өйткені мемлекеттік мекеме науқасты жағдайы қанағаттанарлық деп үйіне қайтарып жіберіпті.
Жақындарының айтуынша, бозбаланың өміріне төнген қауіп күшеймесе, сейілмеген. Өйткені жас жігітке жабылмақ болған топ ішінде қылмыс әлемінің серкелері де бар көрінеді.