Петропавл қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы терезеден құлап кетті. Ақпаратты оқу орны растады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 17 ақпан күні болған. 18 жастағы оқушы үшінші қабаттың терезесінен құлаған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жасөспірім жедел жәрдеммен Көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілген. Ол кеуде-бел омыртқа бөлігінде қозғалыс кезінде күшейетін қатты ауырсынуға және екі өкшесінің сырқырауына шағымданған.
Дәрігерлердің айтуынша, тексеруден кейін науқас шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылып, жағдайын тұрақтандыру, тромбоэмболиялық асқынулардың алдын алу және өмірлік маңызды көрсеткіштерді бақылау бойынша емдік-диагностикалық шаралар жүргізілген.
Алдын ала диагноз – политравма. Атап айтқанда:
– екінші бел омыртқа денесінің үшінші дәрежелі жабық компрессиялық сынуы;
– екі өкше сүйегінің ығысусыз жабық сынуы.
Науқастың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Қазіргі уақытта ол травматология бөліміне ауыстырылған.