Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті Петропавлдағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің (НЗМ) 18 жастағы оқушысының терезеден құлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Құқық қорғау органдары бұл оқиғаны ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша тергеп жатыр. Қазіргі уақытта істің мән-жайын жан-жақты зерттеуге бағытталған жедел-тергеу шаралары жүргізілуде.
«Тергеу амалдарының нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады», — деп хабарлады өңірлік ПД баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға 17 ақпанда орын алды. 18 жастағы мектеп оқушысы оқу орнының үшінші қабатынан құлап кеткен болатын. Дәрігерлердің соңғы мәліметінше, науқастың жағдайы тұрақты ауыр. Оған «политравма» диагнозы қойылған (омыртқаның және өкше сүйектерінің сынығы). Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінен травматология бөлімшесіне ауыстырылып, дәрігерлердің бақылауында жатыр.