Жамбыл облысындағы әскери бөлімдердің бірінде жақ сүйегі сынып, ауруханаға түскен мерзімді қызметтегі сарбаз Есбол Қапардың жағдайы жақсарып келеді. Қорғаныс министрлігі сарбаз толық айыққан соң әскери қызметін жалғастыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алматыдағы әскери-клиникалық госпиталь дәрігерлері сарбазды бір айдың ішінде ауруханадан шығаруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда сарбаздың психологиялық жағдайы тұрақталған. Шайнау және ауыз ашу функциялары қалпына келе бастады. Жақын арада бекіткіш шиналар алынады.
Есбол Қапар ауруханадан шыққан соң оған денсаулығына байланысты демалыс беріледі, содан кейін ол өз бөлімінде қызметін жалғастырады.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға Гвардейск гарнизонындағы жанжал кезінде орын алып, сарбаздың төменгі жақ сүйегі сынған болатын. Бұл факт бойынша 27 қаңтарда әскери полиция қылмыстық іс қозғады. Осыдан соң бірнеше лауазымды тұлға қызметінен шеттетілді. Оқиға туралы жоғары қолбасшылыққа уақытында баяндамаған және медициналық көмекті кеш ұйымдастырған тұлғаларға құқықтық баға берілетіні айтылды.
Министрлік бұл істің жан-жақты зерттеліп, кінәлілердің заң алдында жауап беретініне сендірді.