×

«Мәжбүрлеп дәрі ішкізді»: Түркістанда сау әйелін жындыханаға жатқызған 4 баланың әкесі сотталды

«Мәжбүрлеп дәрі ішкізді»: Түркістанда сау әйелін жындыханаға жатқызған 4 баланың әкесі сотталды
Qaz365.kz коллажы

Түркістанда ер адам әйелінің қол-аяғын матап, екі досымен бірге психикалық орталыққа күштеп апарған. Орталық қызметкерлері араша түспеген. Екі жылға созылған даудың нүктесін сот қойды. Айыпталушылар темір торға тоғытылды.

Qaz365.kz жәбірленуші тарапқа хабарласып, істің мән-жайын анықтады.

Оқиға осыдан екі жыл бұрын Түркістан қаласы аумағында болған. 37 жастағы Дияра Ибрагимова «үйімде жатқан жерімнен жолдасым аяқ-қолымды матап психикалық орталыққа алып кетті» дейді. Жалғыз болмаған, жанында екі досы болған. Шарасыз әйел Шымкентке дейін арпалысқанымен, құтылып шыға алмаған. Оның қарсылығы бейнебақылау камераларына да түсіп қалған.
Жәбірленушінің сөзінше, орталықта оған дәрі берілген.

«Орталықта үш күн жаттым. Маған дәрігерлер келіп, бір дәрі ұсынды. Ішпесең аяқ-қолыңды байлап береміз деген. Олар менің күйеуіммен алдына ала сөз байланысқан деп күдіктенемін. Дәріні бірде иегіме, бірде саусағымның арасына тығып үлгердім. Күніне екі рет беретін. Екі адам жабылып қарап тұрғанда, бір жолы оны ішіп қойдым. Талмаусырап ұйықтап кеттім», — дейді Дияра Ибрагиова.

Үшінші күні ол адвокат жалдайтынын айтып, шағым түсірген. Сөйтіп, жындыханадан шыққан. Бірақ шын күрес содан кейін басталған. Әйел бірнеше мәрте полицияға арызданғанымен, іс екі рет «қылмыстық құрам жоқ» деген негізбен қысқартылған. Соған қарамастан, ол райынан қайтпаған. Ақыры іс сотқа жетті.

Істі қараған Түркістан қаласы ауданаралық соты үш ер адамды кінәлі деп таныды. Сот үкімін судья Санжар Қойшыманов оқыды.

«Қылмыстық құқықбұзушылықтарды жиынтығымен онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға ішінара қосу арқылы түпкілікті оған 9 жыл мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу тағайындалсын. Ибрагимовке қолданылған үйқамақ түріндегі бұлтартпай шарасы өзгертіліп, ол дереу сот залынан қамауға алынсын», — деді Түркістан қаласы ауданаралық сотының судьясы Санжар Қойшыманов.

Прокурор айыпталушыларға 9 жылдан 10 жылға дейін жаза сұраған. Нәтижесінде, Дияраның күйеуі 9 жылға сотталды. Оның екі сыбайласы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үшеуі де адам ұрлау және мәжбүрлеп психикалық диспансерге жатқызу баптарымен кінәлі деп танылды.

«Егер дәріні ішкенде ол жерден шықпас едім»

Жәбірленуші медициналық қызметкерлердің әрекетіне де күмән келтіреді. Ол алдағы уақытта орталық дәрігерлерін сотқа беретінін айтты.

«Мен дәріні ішпеймін деп бас тартқан кезде мәжбүрлеп қазір байлап қойып ішкіземіз деді. Содан мен ішкен сияқты болып, дәріні тығып қалып, содан сау-аман қалып қалдым. Егер дәріні ішкенде ол жерден шықпас едім. Алдағы уақытта психдеспансердегі врачтар міндетті түрде дәл осы сотталушылар сияқты заң жүзінде жазаға тартылуы тиіс деп санаймын», — деді жәбірленуші Дияра Ибрагимова.

Сот шешімімен жәбірленушіге моральдық өтемақы ретінде 11 млн теңге төлеу міндеттелді.

Айта кетейік, Түркістан облысы аумағындағы психикалық орталықта бұған дейін де сорақы оқиға тіркелген еді. 17 және 21 жастағы науқас қыздар мекеме санитарлары зорлады деп шағымданған. Кәмелетке толмаған бойжеткеннің жүкті екені анықталып, іс қоғамда үлкен резонанс тудырған. Кейін айыпталған қызметкерлердің әрқайсысы 15 жылдан бас бостандығынан айырылды.
Сотталған ер адам мен жәбірленушінің ортақ төрт баласы бар. Кәмелетке толмаған балаларды қазір анасы өз қамқорлығына алған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →