52 жастағы әйелді талаған иттер бір үйдікі екен
Оқиға Қарасай ауданыны қарасты Ұмтыл ауылдық округінде болған. Қайта көршілері байқап қалып, көмектескен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бірден жедел жәрдем шақырып, қансыраған келіншекті аудандық ауруханаға жеткізген. Үсті-басының сау тамтығы қалмапты.
«Науқаста басының маңдай тұсында және аяқ-қолында көптеген тістелген жарақаттар анықталды. Дәрігерлер тарапынан науқасқа алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізілді. Қазіргі таңда науқастың жағдайы орташа ауырлықта деп бағалануда. Ол травматалогия бөліміне жатқызылып, тиісті ем қабылдауда», – дейді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.
Куәгерлердің айтуынша, 52 жастағы әйелді талаған иттер бір үйдікі екен. Алдын ала мәлімет бойынша, көршісі үйінде 30-ға тарта ит ұстайды екен. Қазір полиция іс қозғап, тергеуді бастады.
«Иттердің 52 жастағы әйелге шабуыл жасауы фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс тіркеді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмыс істеуде. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында иттердің иесі болып табылатын 60 жастағы күдікті анықталды. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды», – деді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин.