×

Діни қызметкер Иаков Воронцов есірткі ісі бойынша 2 айға қамауға алынды

Алматы соты Иаков Воронцовты екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды

Діни қызметкер Иаков Воронцов есірткі ісі бойынша 2 айға қамауға алынды
Фото: Facebook / Яков Воронцов

Діни қызметкер Иаков Воронцов есірткі ісі бойынша 2 айға қамауға алынды. Адвокат Ғалым Нұрпейісов бұл жайлы Qaz365.kz сайтына хабарлап, пікірін білдірді. 
 
Адвокаттың үйқамаққа алу жайлы өтінішін сот қанағаттандырмады. Оның айтуынша, мұндай айыптау болады деп тіпті күтпеген.

Бұған дейін Алматының әкімшілік соты оны есірткіні медициналық емес мақсатта қолданғаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке қамаған еді. 23 ақпанда әкімшілік қамау мерзімі аяқталған соң, ол тергеушіге жеткізілген. Адвокаттың сөзінше, Воронцовқа Қылмыстық кодекстің 302-бабы (есірткі заттарын тұтынуға арналған орын) және 296-бабы (өткізу мақсатынсыз есірткі сақтау) бойынша күдікті деп танылған. 

«Иаков Воронцов 2023 жылы Ресей мен Украина арасындағы оқиғаларға байланысты өз пікірін ашық айтты. Ол азаматтық ұстанымын білдірді. Осы соғыс кезіндегі Ресей православ шіркеуінің әрекеттеріне қатысты көзқарасы үшін оған қысым жасалды. Оған діни араздық қоздырды деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Бірақ 16 айдан кейін қылмыс құрамы болмағандықтан, іс жабылды. Кейін Яков менімен байланыста болды. Ол өзіне қысым жасалып жатқанын сезетінін, тіпті қандай да бір арандату болуы мүмкін екенін айтқан еді. Сондықтан біз алдын ала қорғануға дайындала бастадық. Бірақ қазір тағылып отырған айып біз үшін күтпеген жағдай болды», — деді Ғалым Нұрпейісов.

Ғалым Нұрпейісов бұл істі жала деп санайтынын айтты.

«Біз бұл істі жала жабу деп санаймыз. Иаковтың өзі де, біз де оның ешқандай есірткіге қатысы жоқ екенін айтқымыз келеді. Ол заттар оған тиесілі емес, тіпті біреу әдейі тастап кеткен болуы мүмкін деп ойлаймыз. Қазір сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды. Біз үйқамаққа жіберуді сұрадық, бірақ сот өтінішімізді қабылдамады. Біз мұны Иаковқа жасалған қасақана шара деп есептейміз. Өйткені тек айыптың ауырлығы ғана қамауға алуға негіз болмауы керек. Иаковтың созылмалы аурулары бар, оған амбулаториялық ем қажет. Бірақ бұл жағдай сотта ескерілген жоқ. Иаков бұрын да, қазір де есірткіге қатысы жоқ екенін, өзінің кінәсіз екенін айтып отыр», — деді Ғалым Нұрпейісов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Иаков Воронцов Ресейге қарамайтын Қазақстанда дербес православ шіркеу құру жайлы бастама көтерген. Ал Украинадағы соғыста Ресейді ашық сынаған адам.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →