×

Ормуз бұғазы: Таяу Шығыстағы қақтығыс Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?

Ормуз бұғазы: Таяу Шығыстағы қақтығыс Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?
Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Израиль мен АҚШ-тың Тегеранға соққысынан және Али Хаманейдің өлімінен кейін әлемдегі мұнайдың ең үлкен «қақпасы» — Ормуз бұғазы жабылып қала жаздады. 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иранға соққы жасады. 1 наурыз күні Иран мемлекеттік ақпарат құралдары Иранның жоғарғы басшысы Али Хаменеидің өлімі туралы ақпаратты растады. Қақтығыс әлемдік экономикаға, әсіресе мұнай нарығына тікелей әсер етеді. Мұнай экспорттайтын ел болған соң, бұл жағдай бізге де ықпалын тигізбей қоймайды. Qaz365.kz сарапшылардың пікірін және қазіргі ахуал жайлы ақпараттарды назарларыңызға ұсынады.

Ормуз бұғазы оңтүстік-батыстағы Парсы шығанағын оңтүстік-шығысында Оман шығанағымен, әрі қарай ашық мұхитпен жалғастыратын бұғаз. Оның солтүстігінде Иран, оңтүстігінде – БАӘ мен Оман орналасқан. Күн сайын шамамен 20 млн баррель мұнай және мұнай өнімдері өтеді (әлем бойынша 20%-ы). Әлемдік сұйық газдың 25%-ы осы бұғаздан өтеді. Негізінен Катар мен БАӘ-дан тасымалданады. 

Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдин Ормуз бұғазының әзірге жабылмағанын айтты. Егер де соққы дәл Ормуз бұғазына тиер болса, мұнай теңізге төгіліп, үлкен экологиялық апат тудыруы мүмкін. 

«Парсы шығанағы маңындағы жағдай шиеленіскенімен, Ормуз бұғазы толық жабылған жоқ. Кемелер жүзіп жатыр. Кейбір танкерлер қауіпсіз аймақта кідіріп тұр. Егер Иран танкерлерге дронмен соққы жасаса, Парсы шығанағындағы монархиялар оның порттары мен мұнай инфрақұрылымына жауап ретінде соққы беруі мүмкін. Сондықтан қақтығыс мұнай инфрақұрылымынан тысқары жақта жүріп жатыр», — деді Олжас Байділдин.

Бұған дейін де Таяу Шығыста қақтығыстар болды. Бірақ Ормуз бұғазы жабылмаған. Сондықтан сарапшылар оның жұмысын тоқтатуы екі талай екенін айтады. Олжас Байділдиннің пікірінше, аумалы-төкпелі саяси ахуалда төтенше жағдай бола қалса, Қазақстан да дайын болуы керек. Ол Ирандағы жағдайдан кейін Қазақстандағы үкімет пен парламенттің бір жерде орналасуын қайта қарастырған жөн екенін айтты.

«Иранның ішінде жағдай ары қарай қалай болатынын дәл қазір ешкім нақты айта алмайды. Ал Қазақстан үшін бұл ойланатын мәселе. Егер төтенше жағдай бола қалса, біздің қорғаныс мүмкіндігіміз қандай? Қанша зымыран немесе соққы жасайтын дрон қолдана аламыз? Осындай сұрақтарға алдын ала дайын болу керек. Сондай-ақ Үкімет пен Парламенттің бір жерде орналасуын қайта қарастырған жөн. 90-жылдары бәрін бір орталыққа жинаудың өз себебі болды. Бірақ ол кезде дрон деген қауіп жоқ еді», — деді Олжас Байділдин.

Айта кету керек, Қазақстан Ирандағы Бендер-Аббас порты арқылы Үнді мұхитына экспорт жасауды маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырып келеді. Бұл – тауарды жаңа нарықтарға жеткізудің жолы. Егер қақтығыс ұзаққа созылса немесе үдесе, бұл жоспарлар жүзеге аспай қалуы мүмкін. Тағы бір белгісіз мәселе – Иранда билік ауысса, жаңа басшылық бұрынғы келісімдерді сақтай ма? Сондай-ақ соғыс ұзаққа созылса, жергілікті тұрғындар жан сақтау үшін шетелге босып көше бастайды. Оның үстіне Иранда онсыз да экономикалық қиындықтар бар. Экологиялық мәселелер де ушығып тұр. Бұған қоса, су тапшылығы туралы да айтылған. Қазіргі жағдай халықтың тұрмысын одан әрі ауырлатуы мүмкін. Қазақстан Иранмен шекаралас болмаса да, алдағы уақытта босқын қабылдау мәселесі көтерілуі әбден мүмкін. 

Бұл Бейбітшілік кеңесінің басшысы Трамптың өзге бір елдегі жағдайға бірінші рет араласуы емес. 3 қаңтарда Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флоресті АҚШ‑тың «Дельта» арнайы жасағы әскери операциясы жасап, елдің астанасы Каракастан ұстап әкетті. Экономист Айдархан Құсайынов енді шетелге шығып саяхаттардың алдында «Бейбітшілік кеңесінің» басшысының бағдарына қарай шешім қабылдау қажет болғаны жайлы сыни пікір жариялады:

«Таңнан бері шетелге шығу енді бір лотерея секілді белгісіз дүние болды деген әңгіме қозғалды. Сонда ойыма бір тұжырым келді: сапарды енді туристік жоспармен емес, АҚШ-тың әскері қайда бет алып бара жатқанына қарап жоспарлау керек сияқты. Әскери күш жоқ жерде тыныштық бар. Ал «Бейбітшілік кеңесінің» басшысы бет алған тұста соғыс оты тұтанады.

«Бейбітшілік» ұранын ұстанған ел өзіндегі Қорғаныс министрлігін Соғыс министрлігі деп қайта атады. Демек, әлемдегі басты «бейбітшілік орнатушы» — Соғыс министрлігі деген сөз. Содан бейбіт өмірді «Бейбітшілік кеңесінен» іздеу керек деген қорытынды туады. Болып жатқан жағдайларға қарасақ, ең дұрыс қорытынды осы секілді», — деді Айдархан Құсайынов.

Айта кетейік, Қытай Израиль мен АҚШ-тан тез арада Иранға соққы жасауды доғаруын талап етті.

«Қытай АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әскери соққыларына байланысты қатты алаңдайды. Біз әскери операцияны дереу тоқтатуға шақырамыз . Басқа да шиеленістің алдын алу, диалог пен келіссөздерді қайта жандандыру қажет, бұл Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін маңызды», — деп жазды Қытайдың Сыртқы істер министрлігі.

Қытай Ислам Республикасының ұлттық егемендігін, қауіпсіздігі мен территориялық тұтастығын құрметтеу қажеттігін баса айта кетті.

Бұл қақтығыс бәрінен бұрын еліміздегі қалталы азаматтарға зиянын тигізді. Шабуыл кезінде Иран зымырандары Дубайдағы Fairmont The Palm тұрғын үй кешеніне тиген. Бұл кешенде қазақстандық шенеуніктер мен олардың жақындарының 96–97 пәтері бар. Олардың арасында бұрынғы сот төрағасы Қайрат Мәмидың ұлы Мирас Мәми, бұрынғы Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың әйелі Бағдат Баталова, сондай-ақ басқа да белгілі қазақстандық қалталы азаматтардың туыстары бар. 

Тек қалталы азаматтар ғана емес, сол жерде тұратын Иран қазақтары да бар. Елге келетін қазақтарға қандас статусын беретін комиссияның мүшесі, Солтүстіктегі халық санын көбейтемін деп жүрген азамат Бурахан Дақанов Ирандағы қазақтарды елге әкелу жайлы сөз қозғады. Ол жауапты органдарға өтініш жасап жатқанын және жақында 20 отбасын көшіріп әкелуі мүмкін екенін айтты.

«Иранда алапат соғыс болып жатыр. Онда шамамен 6-7 мың қазақ отбасы бар, шамамен 28 мың адам. Бәрі — адай. Тәңір сол жұртқа жар болсын. Ирандағы қазақтар елге көшіп келгісі келеді. Өмірі қар көрмесе де, Солтүстікте суық жерде тұра береміз дейді. Бірақ олардың ұлты қазақ деген анықтамасы жоқ. Сол қағазсыз қандас статусы берілмейді. Сол бір тілім қағаз болғанда Қазақстанға кемінде 1 жылда 500 отбасын алдырып алуға болатын еді», — деді Бурахан Дақанов. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиев туған күнін Дубайда ұлан-асыр той жасап атап өткен еді. 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →