×

«Қашыңдар деп айқайладық»: Түркістан облысында бір күнде екі оқушыны қағып кеткен жүргізуші қыз қамауға алынды

«Қашыңдар деп айқайладық»: Түркістан облысында бір күнде екі оқушыны қағып кеткен жүргізуші қыз қамауға алынды
Фото: Бейнеден кадр

Түркістан облысында бір күнде екі кәмелетке толмаған оқушыны көлігімен қағып кеткен 22 жастағы жүргізуші қыз қамауға алынды. Жүргізуші әуелі жолды кесіп өтпек болған 9 жастағы ұл баланы қағып кеткен. Оқиғадан кейін ол тоқтамай, оқиға орнынан кетіп қалған. Шамамен 15 минуттан соң сол көлік мектеп аумағына кіріп кетіп, төртінші сыныпта оқитын қыз баланы қағады. Көлік білім мекемесінің қоршауын бұзып өткен. Бұл оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Qaz365.kz тілшісі оқиға орнына барып, мән-жайлы анықтады.

Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші көліктен шықпаған. Оқиға орнында болған ұстаздардың сөзінше, ол рөлде отырып, ұялы телефонына үңілген күйі отырған. Мұғалімдер жүргізуші кенеттен өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған болуы мүмкін деген болжам айтады. Оқиғаға куә болған мұғалімдер мен қызметкерлер бірден жедел жәрдем мен полиция шақырған.

Оқиғаны өз көзімен көрген мектеп мұғалімі жағдайдың қалай болғанын баяндады.

«Көлік алдымен үлкен қақпаға қарай бет алып, жанындағы қоршауды бұзып өтті. Біз ол кезде оқушыларды шығарып салып тұрғанбыз. Бәріне қашыңдар деп айқайлап жатқанымызда арғы шетте отырған қыз байқамай қалды. Сөйтіп, көлік шыршаны қағып өтіп, соңында орындықта отырған оқушыны ұшырып жіберді. Абдырап тұрғанымызда көшенің басында тағы бір оқушымызды дәл осы көлік қағып кеткенін естідік», — деді мектеп мұғалімі Ольга Магдалинова.

Куәгерлердің айтуынша, бәрі қас-қағым сәтте болған. Балалар жан-жаққа бытырай қашқан. Аула ішіндегі ағаш пен орындық көліктің екпінін сәл бәсеңдеткенімен, бірнеше оқушы жарақат алғаны айтылды.  Мектеп күзетшісі де сол мезеттегі жағдайды еске алды.

«Мына жерде тұрған ата-аналардың барлығы келіп жүргізушіні шығарып, ана жердегі орындыққа жатқызды ғой. Қыз талып қалған ба... сондай... Оқушыға ештеңе болмаған. Әшейін үстелдің үстіне шыққан кезде артынан соғып, әрі қарай ұшырып жіберген ғой. Қызға ештеңе болмаған. Астында қалып кеткен сияқты көрінген. Бірақ астында қалмаған», — деді мектеп күзетшісі Нұрбол Балғабаев.

Зардап шеккен балалардың жарақаттары ауыр емес. Тоғыз жастағы ұл баланың басы жарылып, қол-аяғы сырылған. Ал төртінші сынып оқушысы қыздың денесі көгеріп, миы шайқалғаны белгілі болды. 

Полиция 22 жастағы күдіктінің мүгедектігі бар деген ақпаратты жоққа шығарды. Алдын ала болжам бойынша, жүргізуші рөлге мас күйінде отыруы мүмкін. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Түркістан облысы Полиция департаменті жүргізушінің ұсталып, қамауға алынғанын хабарлады. Қазіргі уақытта барлық мән-жайларды анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Бейнежазбалар зерттеліп, куәгерлерден жауап алынып жатыр.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →