Ақмола облысы Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыстан қаза тапқандар саны тоғыз адамға жетті. Екі ауыр науқас дәрігерлердің барлық көмегіне қарамастан көз жұмды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің айтуынша, бұған дейін жарылыстан 28 адам зардап шегіп, жеті адам қаза тапқаны хабарланған. Оқиға орнында бес адам, ауруханада екі адам көз жұмған. Бес науқас санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізілген.
2 наурыздағы жағдай бойынша «Авиценна-Бурабай» стационарында төрт пациент, ал Ақмола облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде тағы төрт адам жатқан. Өңір дәрігерлері әрбір науқастың өмірі үшін күресіп, барлық кадрлық әлеует, медициналық техника мен дәрі-дәрмек жұмылдырылған.
– Өкінішке қарай, Щучинскідегі стационарда жатқан ең ауыр екі науқас барлық жасалған шараларға қарамастан қайтыс болды. Қазір қаза тапқандар саны тоғыз адамға жетті, – деді Нариман Ермек.
Оның сөзінше, кеше өмірмен қоштасқан науқастың денесінің 70 пайыздан астамы күйген, бүгін көз жұмған тағы бір әйелдің күйік көлемі 85 пайыздан асқан. Басшы жарақаттардың бастапқыдан-ақ аса ауыр болғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта Щучинск аудандық ауруханасында екі науқас жатыр, олардың жағдайы ауыр. Облыстық ауруханада төрт пациент ем қабылдауда, біреуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Астанадағы ауруханада бес адам бар, олардың біреуі ауыр жағдайда жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, төртеуінің жағдайы ауыр деп бағалануда.
Еске салайық, 27 ақпанда Ақмола облысындағы дәмханада газ жарылып, салдарынан жеті адам қаза тауып, шамамен 20 адам зардап шеккен еді. Кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайы туралы қосымша ақпарат берген болатын.